Ауыл мектебінің педагогтері директор болудан неге қашқақтайды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысы бойынша 35 мектеп директорының орны бос тұр, оның көбі ауылдарда. Өңірдегі мектеп директорларының орташа жалақысы — 250-350 мың теңге.

Мұғалімдер
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Облыстық білім басқармасының дерегінше, Ертіс бойында жалпы білім беретін 362 мектеп бар, оның ішінде 269-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің жалпы саны — 13 440 адам.

Алайда бүгінде өңір бойынша мектеп директоры лауазымдарының 10%-ға жуығы бос тұр. Жалпы саны 35 мектепте директор жоқ. Оның көбі ауылдық жерлерде. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданында — 5, Аққулы ауданында — 4, Железин ауданында — 8, Ертіс ауданында — 7, Май ауданында -1, Павлодар ауданында -2, Успен ауданында — 1, Шарбақты ауданында 4 басшы жетіспейді.

— Орта білім беру ұйымдарындағы бос жұмыс орындарының саны бірқатар объективті факторларға байланысты болып отыр. Негізгі себептер — басшылардың жасына байланысты зейнетке шығуы, енді бірінің декреттік демалысқа кетуі, отбасылық немесе басқа да жеке жағдайлар бойынша өзге аймақтарға көшуі. Директорлар мәселесін былай қойғанда, педагогикалық кадрлар бойынша 180 ұстаз жетіспейді. Оның ішінде 38 математика, 28 физика, 28 химия, 25 информатика, 22 ағылшын тілі, 20 бастауыш сынып, 19 биология мұғалімі. Ең үлкен қажеттілік Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және 4 ауданда (Баянауыл, Тереңкөл, Ертіс және Успен) байқалып отыр, — дейді білім басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.

Мамандардың түсіндіруінше, бос лауазымдарға үміткерлер арасында бәсекелестік деңгейі төмен және білікті кадрлардың саны шектеулі. Яғни мәселе ауылдық және шалғай елді мекендерге қатысты болып отыр.

Бұл өз кезегінде жедел ауыстыру процесін қиындатып, мамандарды орындарда іріктеу және бекіту бойынша қосымша шараларды қажет етеді.

— Жекелеген пәндер бойынша кадр тапшылығының болуына қарамастан, Павлодар облысының білім беру ұйымдарында оқу процесі толық көлемде жүзеге асырылады. Үлгілік оқу жоспарында көзделген барлық оқу пәндері жүргізіліп, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты сақталады, — деп атап өтті басқарма өкілі.

Бос ставкаларды ауыстыру және тапшы пәндер бойынша оқытуды қамтамасыз ету мәселелері оқу жүктемесін ұтымды бөлу, қоса атқарушыларды тарту, сондай-ақ сабақтас мамандықтары бар педагогтерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру курстары есебінен шешіліп отыр.

«Бұл білім беру процесінің сапасына әсер етпейді, оқу жоспарларының бұзылуына әкелмейді», деп сендіреді білім басқармасының өкілдері. Дейтұрғанмен бұл жерде «ауыл ұстаздары мектеп директоры болудан неге қашқақтайды?», «еңбекақы аз ба, әлде ынталандыру жүйесі жеткіліксіз бе?» деген заңды сауалдар туындайды.

Алма Айтуарованың пікірінше, ауылдық жерлерде мектеп директорының лауазымын педагогикалық қызметкерлер қосымша шаруашылық және әкімшілік жұмыстардың едәуір көлеміне байланысты тартымды деп санамайды.

— Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырумен қатар, басшыға ғимараттар мен мүліктерді күтіп ұстауды қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерді, шаруашылық қызмет көрсетуді, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді бақылау, сондай-ақ мердігер ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі міндеттер жүктеледі. Бұл функциялар директордың жүктемесі мен жауапкершілігін едәуір арттырып, қазіргі жағдайда мұғалімдер үшін ауыл мектебінің басшысы лауазымында жұмыс істеу шешімін қабылдауға жиі кедергі болып отыр, — деп пайымдайды ол.

Ресми статистикаға жүгінсек, Павлодар облысында қалалық жерлердегі мектеп директорларының орташа жалақысы — 245 988 теңге, ал ауылдық жерлерде — 307 485 теңге.

Орта білім беру ұйымдарында зейнет жасындағы 14 мектеп директоры бар. Оның көбі Павлодар ауданы (4) мен Ақсу қаласында (3).

Еске сала кетейік, Павлодарда кейбір білім беру ұйымының басшылары 10 жылдан аса уақыт ауыспаған.  

Соңғы жаңалықтар