«Ауыл» партиясы ауыл әлеуетін арттыру мәселесін көтерді
АСТАНА.KAZINFORM — «Ауыл» партиясы ел аумағында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. Оы орайда Батыс Қазақстан облысында да ауқымды шаралар жүзеге асты.
Айта кетерлігі, Батыс Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, табиғи ресурстар және әлеуметтік нысандардың жай-күйі — өзара тығыз байланысты мәселелер. Өйткені ауылдың тұрақты дамуы өндірістің өсуімен ғана емес, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, сапалы жолдар мен коммуналдық жүйелер болуы, су мен жер ресурстарының сақталуы және білім мен медицинаға қолжетімділікпен тікелей байланысты.
Аталған мәселелер Батыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясынан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттардың сайлауалды кездесулерінің негізгі өзегіне айналды. Серік Егізбаев, Қажғалей Мұқатов пен Алшын Жолдығали Теректі, Бәйтерек және Ақжайық аудандарында фермерлер, ауыл тұрғындары, өндіріс және әлеуметтік сала өкілдерімен кездесіп, өңірдің өзекті мәселелерін талқылады. Кездесулерде «Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз!» атты партияның сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтар таныстырылды.
Батыс Қазақстандағы ауылдардың экономикалық әлеуеті, ең алдымен, агроөнеркәсіптік кешенмен байланысты. Сондықтан кандидаттардың сапарында ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, қайта өңдеуді дамыту және ауылдағы жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Теректі ауданындағы Кемер ауылында кандидаттар картоп өсіру және оны сақтаумен айналысатын «Жайна» ЖШС жұмысымен танысты. Шаруашылық еңбеккерлерімен кездесуде өнімділікті арттыру, өндірісті дамыту және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері көтерілді.
Бәйтерек ауданындағы Янайкино ауылында «KazMeat Ақжайық» ЖШС мал бордақылау кәсіпорнының жұмысымен танысу кезінде өндірісті кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды. Ал Өркен және Щапов ауылдарындағы кездесулерде азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, отандық өндірушілерді қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өткізу тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Құрылтай депутаттығына кандидат, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев ауыл шаруашылығын дамыту тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмей, фермерлерге тұрақты жағдай жасауды, өнімді қайта өңдеуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды және ауыл тұрғындарының табысын арттыруды қамтитынын атап өтті. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау ауылды дамытудың басқа бағыттарымен қатар жүруі тиіс.
Оралдағы «Жайықжылуқуат» АҚ еңбек ұжымымен кездесуде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қаланы жылумен қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктері және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.
Батыс Қазақстанның тұрақты дамуы үшін табиғи ресурстарды сақтау да ерекше маңызға ие. Кандидаттар Жайық өзенінің экологиялық жағдайымен танысып, су ресурстарының ахуалына назар аударды. Мамандармен кездесулерде Жайық-Каспий бассейні аясында экологиялық мониторинг жүргізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
— Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында экологиялық мәселелерге ерекше бағыт берілген, оның ішінде Ақжайық өңірінің мәселелері де жеке қарастырылған. Өзендер — біздің ұлттық табиғи құндылықтарымыз. Сондықтан оларды сақтап, қорғап, қолдауымыз қажет. Су ресурстарының мәселелері «Ауыл» партиясының үнемі назарында болды. Біз бұл мәселелерді әрдайым көтеріп, оларды жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, — деді Серік Егізбаев.
Құрылтай депутаттығына кандидаттардың Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, балық және экологиялық инспекция өкілдерімен кездесуінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жер құнарлылығын сақтау, су үнемдеу технологияларын енгізу, қорғаныш орман белдеулерін дамыту және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мәселелері көтерілді.
Ауыл болашағын айқындайтын тағы бір маңызды бағыт — әлеуметтік мүмкіндіктер. Теректі ауданындағы Шағатай ауылында кандидаттар тұрғындармен кездесті, медициналық амбулатория мен мектепке барып, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныстарды тыңдады.
Батыс Қазақстандағы кездесулердің мазмұны әртүрлі болғанымен, олардың барлығы ортақ мәселеге келіп тоғысады: ауылды дамыту үшін бір ғана саланы алға шығару жеткіліксіз. Өндірістің өсуі үшін инфрақұрылым, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы үшін жер мен су ресурстарын қорғау, ал экономикалық өсімнің нәтижесі тұрғындардың тұрмысынан көрінуі үшін жұмыс, білім, медицина және әлеуметтік қолдау қатар жүруі керек.
Осы бағыттардың барлығы «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтармен сабақтас. Батыс Қазақстандағы кездесулер осы міндеттердің өңірдің нақты қажеттіліктерімен байланысын көрсетіп, ауыл тұрғындарының ұсыныстарын ашық талқылауға мүмкіндік берді.
Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Төленді: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.