«Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасын референдумға шығаруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев партияластары атынан қазақстандықтарды жаңа Конституцияның жобасын қолдауға шақырды.

Серік Егізбаев
Фото: видеодан салынған скрин

— «Ауыл» партиясы республика аймақтарында Конституция жобасын түсіндіру бағытында ауқымды қоғамдық талқылау жұмыстарын ұйымдастырды. Атап айтсақ, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Шымкент өңірлерінде, басқа да аймақтарда халықпен көптеген кездесу өткізді, өткізіліп те жатыр. Осы тұрғыдан алғанда «Ауыл» партиясы ұсынған қоғам үшін маңызды саналатын бірқатар бағыттың, соның ішінде қазіргі және келер ұрпақтың денсаулығы мен өміріне аса маңызды экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау қағидаттарының Конституция жобасында көрініс табуы бірлесіп жүргізген жұмыстардың нақты нәтижесі деп білемін, — деді ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында.

Айтуынша, ауыл халқы Конституция жобасындағы жаңашылдықтарды түсініктікпен қабылдап отыр.

— Талқылау барысында ауыл тұрғындары бұл өзгерістерді тек құқықтық нормалар емес, күнделікті өмірге тікелей әсер ететін нақты тетіктер ретінде қабылдап отыр. Осы орайда маңызды бір жайтты айтқым келеді. Кездесулерде барлық азаматтар бірауыздан бұл құжатты халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті деген пікірді жиі айтты. Сондықтан Конституция жобасын жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынамыз. Барлық отандастарымызды жаңа Конституциямызды қолдауға шақырамын, — деді Серік Егізбаев.

Айта кетейік, Kazinform агенттігінің Telegram арнасында осы отырыстың мәтін трансляциясы беріліп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар