Ауыл шаруашылығы кооперативтері бір жылда 9,6% артты
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 4 894 ауыл шаруашылығы кооперативі қызметін жүзеге асырды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 429 кооперативке немесе 9,6% көп.
Жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кооперативтері санының өсуі еліміздің бірқатар өңірінде байқалды. Өсімнің ең жоғарғы қарқыны Ұлытау, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Жұмыс істеп тұрған кооперативтердің ең көп саны Түркістан облысында шоғырланған. Өңірде 994 кооператив қызметін жүзеге асырды, бұл республикадағы олардың жалпы санының 20% астамын құрады.
Негізгі қызмет түрлері бойынша ең үлкен үлесті мал шаруашылығы саласында қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері құрайды – 1 882 кооператив. Сонымен қатар аралас ауыл шаруашылығы саласында маманданған 1 554 кооператив жұмыс істейді.
2025 жылы ауыл шаруашылығы кооперативтері өндірген өнім көлемі қолданыстағы бағамен 117,6 млрд теңге. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40,2% артық. Өткізілген өнімнің жиынтық көлемі 22,2 өсті.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жекелеген ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілу деңгейі де артты. Атап айтқанда, тракторлар саны 24,9%, ал соқалардың саны 11,1% көбейді.
Айта кетелік АШМ Қызылордада субсидия неге берілмей отырғанын түсіндірген еді.