Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ауыл шаруашылығы, логистика, ЖИ: Қазақстан инвестицияның жаңа бағытын қалыптастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қытай инвестициялық әріптестіктің жаңа кезеңіне өтті. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кинжақұлов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

инвестиция
Фото: Midjourney

Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаты үшін маңызды оқиғалардың бірі болды. Сапар аясында Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізіп, жетекші халықаралық компаниялардың басшыларымен кездесті. Нәтижесінде жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылған.

– Жобалар өнеркәсіп, логистика, цифрлық технологиялар, энергетика және агроөнеркәсіп салаларын қамтиды. Осы ретте екі ел арасындағы сауда-саттықты айтсақ, былтыр оның көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салған, – деді Сұлтанғали Кинжақұлов.

Ендігі міндет – қазақстандық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттырып, әсіресе Қытай нарығындағы үлесін көбейту. Бұл үшін өндірісті ғана емес, логистикалық инфрақұрылымды қатар дамыту қажет.

– Мәселен, Қытайдағы азық-түлік нарығының көлемі 1,3–1,4 триллион долларды құрайды. Біз Қазақстанда өндірілген дайын азық-түлікті осы нарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар логистиканы қалыптастыру маңызды. Қорғастан шыққан тауардың Қытайға әрі қарай Ресейге жылдам жетуі үшін жаңа бағыттар қалыптастырып, қоймалар ашу қажет, – деді ол.

Осы мақсатта елімізде ірі логистикалық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Қорғас пен Каспий бағыты бойынша жаңа инфрақұрылым қалыптасып, халықаралық инвесторлар тартылып жатыр.

– Құрықта жаңа порт салынады. Бұл – стратегиялық жоба. Себебі Қытайдан шыққан жүк Еуропаға жетуі керек. Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымы шамамен 1 триллион долларды құрайды. Егер соның 3 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтсе, еліміз үшін экономикалық жағынан айтарлықтай тиімді болады, – деді спикер.

Сонымен қатар инвестиция тартуда басымдық берілетін салалар өзгеріп келеді. Бұрын негізгі назар мұнай-газ және энергетикаға аударылса, бүгінде инвесторлардың қызығушылығы ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру және жоғары технологиялық өндірістерге ойысып отыр.

– Елімізге жасанды интеллект саласындағы компанияларды тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге электронды коммерция Алматыда қарқынды дамып келеді. Машина жасау мен дата-орталықтар салу да күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі, – деді ол.

Спикердің айтуынша, геосаяси өзгерістерге қарамастан, еліміз халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын сақтап отыр. Бұл ретте басымдық әлемдік деңгейдегі трансұлттық компанияларға берілген.

– Мәселен, PepsiCo компаниясы Алматы облысында зауыт салды. Кәсіпорын қыркүйек айында іске қосылады. Оның жеткізу тізбегіне 23 компания кіреді. Қазірдің өзінде 30 қазақстандық кәсіпорын осы жүйе арқылы картоп жеткізіп отыр. Бұл – жаңа жұмыс орындары, қосымша табыс пен жергілікті бизнестің дамуына мүмкіндік, – деді Сұлтанғали Кинжақұлов.

Байқағанымыздай, шетелдік инвесторлармен жасалатын әрбір жоба жергілікті экономиканың дамуына бағытталған. Келісімдерде қазақстандықтарды жұмыспен қамту, өндірісті жергіліктендіру және технология трансфері басты талаптардың бірі ретінде қарастырылады. Мәселен, Mars компаниясы Алматыда жануарларға арналған азық өндіретін кәсіпорын ашқан. Мұндай жобалар жаңа өндірістерді іске қосып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге де мүмкіндік бермек. 

Еске салайық, елімізде туризмге салынған инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты.