Ауыл шаруашылығы үшін несие алған 2 мыңдай адам қаржыны басқа мақсатта пайдаланған

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізді.

Ауыл шаруашылығы үшін несие алған 2 мыңдай адам қаржыны басқа мақсатта пайдаланған
Коллаж: Kazinform / world-nan.kz / Freepik / Pexels

Ол баяндамасында биыл дәстүрлі мемлекеттік аудит жүргізу тәсілдерін өзгерткендерін айтып, «Пирамидалық аудит» тәсілін республикалық бюджет бағдарламаларынан бастап қаражатты жергілікті орындаушыларға дейін толық тізбек бойынша сынақтан өткізгендерін жеткізді.

– Осы аудит нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдау шараларын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды, олардың жалпы сомасы – 22,8 млрд теңге, - деді ол.

Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша елімізде шамамен 2 мың қарыз алушы 13 млрд теңге несие алған. Алайда бұл қаражат ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты болмаған. Сонымен қатар кейбір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мемлекеттен алған жеңілдетілген бюджет несиесін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыруға пайдалану орнына банктік депозиттерге орналастырып, пайыздық кіріс алған. Пайыздан түсетін табыс 2 млрд теңгеге жеткен. Сол сияқты кейбір кейінгі қарыз алушылар да осындай әрекеттер жасаған.

– Мемлекет аграрлық секторды тұрақты қолдап келеді. Атап айтқанда, жеңілдетілген бюджет несиелері, субсидиялар және басқа да көмек шараларын бөледі, бұл фермерлерге уақтылы тұқым, техника, мал азығы сатып алуға және шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік береді. Алайда аудит анықтаған фактілер көрсетіп отырғандай, кейбір ұйымдар мен жеке аграрлық кәсіпкерлердің адал емес әрекеттері салдарынан бұл қолдау қаражаттары шынайы мұқтаждарға толық жетпей жатады, - деді Ержан Мыңжасаров.

Ол сондай-ақ мемлекеттік аудит тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі – бақылауды күшейту және цифрлық талдауды дамыту екенін атап өтті.

– Біз бюджет қаражатын дұрыс пайдаланбайтын ұйымдардың және кейбір жеке тұлғалардың бюджет қаражатын заңсыз алу немесе пайдалану схемаларын болдырмау үшін жаңа техникалық шешімдерді әзірлеудеміз, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына арналған қаражатқа да қатысты, - деді төраға. 

Еске сала кетейік, 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар