Ауыл шаруашылығын дамыту: Жамбыл облысында ауқымды дала семинары өтті

ТАРАЗ. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Ауыл шаруашылығын дамыту» тақырыбында өткен дала семинарына қатысты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқосуға ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары және агробизнес өкілдері, аудан әкімдері мен жергілікті шаруалар жиналды. 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Семинар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты берген тапсырмаларын талқылауға және оларды іске асыру жолдарын айқындауға арналды. 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алдымен ауыл шаруашылығы көрмесі мен «QazMeatExport» шаруа қожалығының егістік алқабы көпшілік назарына ұсынылды. Айдарбек Сапаров жергілікті тауар өндірушілердің өнімін жоғары бағалап, жұмыстарына толағай табыс тіледі. 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін алға тартып, негізгі міндеттерге тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп отыр. Алда бізді егістікті цифрландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, егіс алқаптарын әртараптандыру, суармалы жерлердің көлемін арттыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу және шаруаларды жоғары өнімді тұқымдармен қамтамасыз ету сынды ауқымды міндеттер күтіп тұр. Ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызын ескерсек, заманауи ғылыми жетістіктерді тиімді пайдалану – аса маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев дала семинары саладағы оң өзгерістерге жол ашатынына сенім білдірді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өз кезегінде Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтіп, шаруаларға мемлекеттік қолдаудың тетіктерін кеңінен түсіндірді.

– Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына жіті көңіл бөлініп, ветеринария саласына жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Мал дәрігерлері қызметтік көлікпен қамтылып, ветеринариялық пункттердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартып, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал етеді, – деді АШМ министрі.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, биыл саланы дамытуға 48,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін 3,4 мың шаруаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Нәтижесінде І тоқсанның қорытындысы бойынша 38 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, салаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылды. 

Сонымен бірге, басқарма басшысы көктемгі дала жұмыстары, минералды тыңайтқыштарды қолдану, су үнемдеу технологияларын енгізу, техникаларды жаңарту және өзге де бағыттар туралы баяндады. 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқосуда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева жамбылдық шаруалармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін жеткізсе, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев Жамбыл облысында тұқым шаруашылығын дамыту жөнінде бастама көтеріп, нақты бағыт-бағдарын ұсынды.

Бұдан бөлек, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Нұргүл Меделбекова, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Нұрлан Балғабаев сөз сөйледі.

Семинар соңы марапаттау рәсіміне ұласты Ауыл шаруашылығы саласындағы адал әрі табанды еңбегімен көзге түскен бірқатар жамбылдық азаматқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды.

Бұл күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жаңа типтік үлгіде салынған ветеринариялық пунктті аралап, «Алель Агро» АҚ-ның тәулігіне 144 мың бас тауық етін өңдейтін комбинатының құрылыс барысын көрді. Сонымен бірге аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын бақылады.

Жамбыл облысында жаңа типтік үлгідегі 40 ветеринариялық пункттің құрылысы жүріп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар