Ауыл шаруашылығындағы жалақы әлеуметтік әділеттілік принциптеріне сай емес — Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы саласындағы жалақы әлеуметтік әділеттілік принциптеріне сәйкес келмейді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдаған депутат Тілектес Адамбеков айтты. 

ең төмен жалақы
Фото: Kazinform

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспарын әзірлеу керек деп атап өтті. Аталған құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. 2023 жылғы жағдай бойынша ең төмен жалақы төленетін жұмыс орындары ауыл шаруашылығы саласында. Бұл еліміздегі әлеуметтік әділеттілік принциптеріне сәйкес келмейді, — деді депутат.

Оның дерегінше, 2010 жылдан 2023 жылға дейін ауыл шаруашылығындағы нақты табыстардың жоғары өсуіне қарамастан, 2023 жылы орташа жалақы әлі де республикалық орташа көрсеткіштен 4,4 есе төмен болған.

— Бүгінде ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттырумен қатар, ауыл азаматтарының жалақысын арттыру мәселесі өте өзекті, — деді ол.

Осыған орай Тілектес Адамбеков вице-премьерден мына мәселелерге назар аударуды сұрады:

— Президенттің 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту жоспарын ұсыну;

— «сапалы жұмыс орны» тұжырымдамасы мақсаттары үшін жұмыспен қамту мерзімін жоғары қарай қайта қарау және оны 12 айға белгілеу;

— орта және ірі бизнесте жергілікті қамтуды дамыту жоспарларын ұсыну.

Бұған дейін елімізде жалақыны есептеу тәртібі өзгергенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум