Ауыр жүк көліктері Талдықорған — Өскемен жолын тоздырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңадан салынған жолда 10 мың шаршы метрден астам жабындыны қалпына келтіру қажет, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.
Абай облысында республикалық маңызы бар «Талдықорған — Қалбатау — Өскемен» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Барлық учаске пайдалануға беріліп, қазір кепілдік мерзімінде тұр. Алайда жаңадан салынған жол ауыр салмақты көліктердің жүйелі қозғалысына байланысты жоғары жүктемеге ұшырап отыр.
Өткен жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг барысында аталған бағытта инфрақұрылымдық жобаны іске асыру үшін жол-құрылыс материалдарын тасымалдайтын ауыр жүк көліктерінің қозғалысы қарқынды екені тіркелген. Жүк көліктерінің үлкен массасы, сондай-ақ белгіленген салмақ және осьтік жүктеме параметрлерінің асып кетуі жол конструкциясына қосымша күш түсіріп, жол жамылғысында деформациялар пайда болып жатыр.
Оның салдарын қазірдің өзінде қалпына келтіруге тура келіп отыр. Биыл көктемде кепілдік міндеттемелері аясында 5 800 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы қалпына келтірілді. Тамыз айында 720–760 шақырым аралығындағы учаскеге жүргізілген кезекті тексеру нәтижесінде тағы шамамен 4 500 шаршы метр жол жамылғысын қайта төсеу қажеттігі анықталды. Жұмыстар 25 тамызда басталып, 1 қыркүйекке дейін 2 600 шаршы метр жол жамылғысы қалпына келтірілді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарын 5 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
— Осылайша, қысқа мерзім ішінде жаңадан салынған жол жамылғысының 10 мың шаршы метрден астам аумағын қалпына келтіру мәселесі туындады. Ақаулардың пайда болуына әсер ететін факторлардың бірі — ауыр салмақты көліктердің қозғалысы. Әсіресе оське түсетін рұқсат етілген жүктеменің жүйелі түрде асып кетуі жолға айтарлықтай кері әсер етеді. Соның салдарынан жолда ойық іздер, ығысулар және өзге де деформациялар пайда болып, жол төсемінің пайдалану мерзімі қысқарады, — дейді мамандар.
Көлік құралдарының салмақ-габариттік параметрлерін бақылау мақсатында автожолдың 691 және 783-шақырымдарында автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылған. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» теміржол желісінің құрылысына қатысушы ұйымдармен және өзге де мүдделі тараптармен белгіленген салмақ нормаларын сақтау мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді.
— Құрылыс материалдарын тасымалдайтын ұйымдар мен жүк көлігі иелерін белгіленген салмақ және осьтік жүктеме талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Артық жүк бір рейсте көбірек жүк тасымалдауға мүмкіндік бергенімен, оның салдары ойық іздер, деформациялар және мерзімінен бұрын жүргізілетін жөндеу түрінде көрініс табады, — деп түйіндеді компанияның баспасөз қызметі.
Осыған дейін Ақтөбеде 23 шақырымдық жол жөндеу жұмысы бес жылға созылып кеткенін жазғанбыз.