Әулетіміздегі оннан астам адам Риддердегі зауытта жұмыс істеді - Ринат Ерболов
Риддер қаласындағы мырыш өндіретін зауытта бір әулеттің бірнеше адамы жұмыс істейді. Ең әуелі жұмысқа осыдан жарты ғасыр бұрын олардың аталары кірген. Қазір ата жолын жалғаған жігіттер еңбектің жалауын жықпай, зауыттың отымен кіріп, күлімен шығуда. Соның бірі – Ринат Ерболов. Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып көрген болатын.
– Зауытқа жұмысқа тұрғаныңызға қанша уақыт болды?
– «Казцинк» ЖШС-ға қарасты Риддер металлургиялық кешенінде тер төгіп жүргеніме биыл – 13 жыл. 2010-2020 жылдар аралығында №1 күкірт қышқылы цехында аппаратшы болдым. Кейінгі 3 жыл бойы вельцпеш цехында жұмыс істеп келемін.
Нағашы атам Мәлік Аушинов осы зауытта 1973 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек еткен. Ол электролит цехында анодшы болды. Анамның туған ағалары да, жездем де зауытқа жұмысқа орналасқан. Бөлелерімнің барлығы осында жұмыс істеп жүр. Осы ретте, нағашы жездем Оразқұлы Есеновті ерекше атап өткім келеді. Зауытта шебер болған ол талайды жұмысқа баулып, жастарға білгенін үйретуден жалықпайтын. 1980 жылдан бастап, 2008 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейінгі ғұмырын зауыт жұмысына арнады. Мәлік атамның барлығы 10 баласы болды. Оның жолын жалғап жүргенімізді мақтан тұтамыз. Жалпы бұрынғымен қазіргілерді қосқанда әулеттегі оннан астам адам бір зауытта тер төккен.
Менің негізгі мамандығым – алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бір жыл мамандық бойынша еңбек еттім. Ақтауда теңіз жаяу әскерінде Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін бірден зауытқа жұмысқа орналастым.

– Зауыттағы жұмысыңыз ауыр ма?
– Оңай емес. Басында көп қиналдым. Бірақ уақыт өте келе үйренісіп кеттік. Фархад есімді бөлем екеуіміз бір цехта жұмыс істедік. Ол менің тәлімгерім болды. Сосын мен вельцпеш цехына ауысып кеттім. Ол жерде зауыттағы бүкіл пеш технологиясы біздің мойнымызда болды. Бекітілген температуралық режимді ұстап отыруымыз керек. Жұмыс графигіне қатысты айтар болсақ, 3 күн істеп, 2 күн демаламыз. Ыңғайлы. Бір күндегі жұмыс уақыты – 8 сағат.
– Екінің бірі зауытта істей алмайды. Ол үшін қандай қабілет керек?
– Ең әуелі шыдамдылық қажет. Физикалық тұрғыда шымыр болмасаң қиын. Өйткені ыстық температураға төзіп жүресің, пешті тазалау да оңай шаруа емес. Мұндағы пеш температурасы +900 градусқа дейін жетеді. Жанына таясаң бетіңді күйдіреді.
– Қазіргі жас буын зауытта тер төккеннен гөрі, жылы да жайлы кабинетте жұмыс істегенді жөн көретіні жасырын емес. Зауытта жастар көп пе?
– Зауытқа жас мамандар жеткілікті. Өскемендегі техникалық университет пен колледждердің студенттері іс-тәжірибеден өтеді. Арасында кейбіреулері жұмысты ұнатып, осында қалып қояды. Жұмысты ауырсынып, басқа салаға бет бұратындары да жоқ емес. Бәрі адамның өзіне байланысты ғой. Әсіресе отбасылы, балалы-шағалы жастар, төзімділік танытып, үйреніп кетеді.
Жастарға білгенімізді үйретуге тырысамын. Тәжірибеммен бөлісіп, жол нұсқаймын. Кезінде мен де солай бастағанмын. Қиындықтың бәрі уақытша екенін, уақыт өте келе біліктілігі артып, жұмыстың оңайлай беретінін түсіндіремін.
– Зауыттағыларға қандай да бір әлеуметтік қолдау көрсетіле ме?
– Мәлік атам Кеңес үкіметі кезінде осы зауытта жұмыс істеді. Ол уақытта қызметкерлер зейнеткерлікке ерте шығатын, қосымша төлемақы алатын. Еңбек адамдары ерекше бағаланып, көп жеңілдік жасалатын. Қазір өкінішке қарай, ондай жоқ. Зауытта қауіпсіздік талаптары қанша сақталса да бәрібір жұмысшылардың денсаулығына зиян келеді. Сол үшін заңға өзгеріс енгізілсе деймін. Бұл тек менің емес, мұндағы мұқым еңбек ұжымының қалауы. Зауытта істеген ер адамдар зейнетке 60, әйелдер 55 жастан шыққаны дұрыс.
Бір байқағаным, зауыттан зейнетке шыққандар арасында бір-екі жылдың ішінде қайтыс болып кетіп жатқандар бар. Ол бәлкім, зауытта жүріп денсаулығы бұзылғанынан болуы да мүмкін.
– Отбасыңыз бар ма?
– Үйленгенмін. Екі қызым бар. Үлкені биыл мектеп табалдырығын аттады, кішісі – 4 жаста. Әйелім сатушы болып жұмыс істейді. Жұмыстан бос уақытта отбасымызбен табиғат аясында демалғанды жақсы көреміз. Мен жасөспірім шақта еркін күреске қатысып, спорт шеберлігіне үміткер атандым. Зауыт жұмысына төселіп кеткенімнің бір себебі де осы шығар.
– Егер сіздің де балаларыңыз ата жолын жалғаймыз десе, қарсы болмайсыз ба?
– «Болар баланың белін қақпа, белін бу» дейді ғой. Егер зауытта істейміз десе, неге қарсы болайын. Ең бастысы, өздеріне ұнаса болды. Оларды үнемі қолдаймын.
– Әңгімеңізге көп рақмет!