«Аурудың жасарғаны ақиқат па?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 қазан, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 қазан, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

*** «Егемен Қазақстан» газетінде кәсіпқой бокстың төрт нұсқасы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкинамен арадағы сұхбат жарияланды. «Біз телефон арқылы жиі хабарласып тұрамыз. Сондықтан да, бір-біріміздің қандай жаңалықтарымыз бар - бәрін де сол заматта біліп отырамыз. Балам мені құттықтап, өзінің мен үшін өте қуанышты екенін жеткізді. Маған Генамның «Ана, біз бірлігі жарасқан елде тұрамыз. Құдайға шүкір деуіміз керек», - деген сөздері ұнады. Ол шынында өзінің елін, Елбасын өте қатты құрметтейді.

Содан кейін ұлым қазанның 17-сі күні болатын кезекті жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып жатқанын айтты. «Сіздің жеңісіңізге мен де жеңіспен жауап беремін. Теледидардың алдында қаттырақ айқайласаңыз, дауысыңызды естіп, күш-қуат алуым мүмкін», - деп қалжыңдап та қойды», - дейді Елизавета Головкина. Бұл сұхбат « Ұлымның отаншыл болып өскеніне қуанамын» деген тақырыппен басылды.

Бас басылымда «Бір мезетте 3 000 алма жеген» атты тақырыппен материал берілген. 3 500 оқушы қазақстандық Рекордтар кітабына тіркелді. Қазақстандық оқушы­лар­дың бұл рекорды Елбасы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Қоры ар­қылы ұйым­­дастырылған «Аман Келешек» балаларға арналған II инклюзивті мә­дени-спорттық фестивалі аясында өтті.

Аталмыш шараға ба­ла­лар үйлерінің, тұрмысы тө­мен отбасыларының, басқа өңірлерден келген мектеп-ин­тернаттардың оқушылары мен Алматы қала­сындағы жалпы білім беретін мектептерден 3 500 оқушы қатысып, таланттарын танытып, түрлі спорттық эстафеталар бойынша сайысты.

Президент Қорының атқа­рушы директоры Сағындық Нұраханов осынау шара балалар үшін тұтас мүмкіндіктер әлемін ашатындығын айтып отыр.

Сонымен, биыл екінші рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің спорт­тық-жат­тық­тыру кешені базасында өткізіліп отырған фес­тивальге Олимпиада чемпионы, әйгілі боксшы Ермахан Ыбырайымов қатысып: «Қазіргі гаджеттер мен компьютерлік ойындар заманында балалар далаға шық­пайды, қимыл-қозғалысы аз. Сондықтан «Аман Келешек» фестивалінің маңызы зор. Бүгін балалар көп нәрсе үйреніп қана қой­май, басқа қалалардан келген құрдастарымен танысты. Біз оларға басқа да қызықты әлем мен армандар бар екенін көрсетіп, бойындағы дарындарын көрсетуге септесетінімізге сенімдімін», деді.

***

«Соңғы кездері медицина саласының мамандары ауру түрлерінің жасарып келе жатқанын жиі айтады. Мәселен, бұған дейін 50-60 жастан асқанда пайда болып жүрген ауру түрлері кейінгі жылдары жасы 30-40-тарға таяғандарда кездеседі. Біздің әйелдердің 45-55 жас аралығында басталатын ұрпақ әкелу, бала көтеру функциясының тыйылуы, яғни климактериялық кезеңнің, қазір жасы 30-ға жетер-жетпестегі қыздарда кездесіп жатқаны туралы ақпаратты оқыдық. Ауру түрлерінің жастар арасында таралып жатқаны Ресей ақпарат көздерінде де жиі айтылуда. Ол қандай аурулар? Аурудың жасаруына не себеп?»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы « Аурудың жасарғаны ақиқат па?» атты көлемді мақаласында. Мәселен, елімізде онкологиялық аурулар ішінде бірінші орында тұрған сүт безі қатерлі ісігіне келетін болсақ, 20-30-дағы қыздар арасында сүт безінде ісіктің пайда болу жағдайлары жиілеп кетті. Жыл сайын 4 мыңға жуық әйелден сүт безінің қатерлі ісігі анықталады. Бұл ауру бойынша медициналық көмекке 28-35 жастағы әйелдер жүгінуде. Сондай-ақ еліміздің кардиологтары адам өлімі себептері арасында бірінші орынға шығып отырған жүрек-қан тамырлары аурулары да жастар ара­сында етек жайып келе жатқанын жеткізген.

Осы басылымда « Әскерге баратындар көбейді » деген материал берілген. Елімізде жастарды күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қорғаныс министрлігінің жоспарына сай биыл жалпы 29 мың азамат армия сапына тұруы тиіс екен. 1 қазаннан басталған шақыру кезінде 12 мыңнан астам жас әскери комиссариаттарға келуге міндетті.

- Осы мерзімде Қазақстан Қа­ру­лы күштері қатарына 18-27 жас ара­лығындағы әскери мерзімдік қыз­метті кейінге қалдыруға бол­май­тын және әскери мерзімдік қыз­меттен босатылмайтын 12 мың­дай азамат шақырылды - дейді кеше Астанада Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінің брифингінде ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйым­дастыру-жұмылдыру де­пар­таменті бастығының орын­ба­сары Амантай Өсербаев. Қазір жергілікті әкімдіктердің шешімімен барлық облыстарда әскерге шақыру комис­сиялары мен әскер қатарына ша­қырылатын азаматтардың денсау­лығын тексеретін медициналық ко­миссиялар құрылған.

***

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, көсемсөзші Жүсіпбек Аймауытұлының есімі қалың қазақ қауымына жақсы белгілі. Алаштың аяулы азаматы өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұралар қалдырды. Осы орайда «Ана тілі» газеті соңғы санында оқырман назарына көрнекті жазушы туралы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор, жүсіпбектанушы Айгүл Мұхамедсерікқызы Ісімақова­мен болған көлемді сұхбатты ұсынып отыр.

«Қазақтың тұңғыш газеттерін шығаруда ғана емес, архив материалдары дәлел­дегендей, журналдар шығаруда да Жүсіпбектің еңбегі ересен. Мысалы, 1931 жылы 6 ай бойы шыққан «Сәуле» журналында Әлихан мен Мағжан бастаған ұлт әдебиетшілерінің шығармаларын жариялаған. Өзінің «Елеусіз ерлер», «Су жүзінде» сияқты алты әңгімесі де «Сәуледе» шыққан. Журнал Ташкенттегі баспаханада басылған, таралымы 2000 дана болған. Енді бір өкінішпен айтатын нәрсе, Ж.Аймауытұлы еңбектерінің көбі жоғалған. Мысалы, Смағұл Сәдуа­қасұлының 1926 жылы жазған анкетасы бар. Соған берген жауаптарында көптеген туындыларының атын атап жазған, соның үштен бірі жоқ. Біз, жүсіпбектанушылар соны анықтай алмай келеміз. Шымкент оқу комиссариатының ғы­лы­ми қызметкері Т.Шонанов, Сәкен Сейфуллин мен «Ауыл тілі» газе­тінде істейтін Бейімбет Майлинге: - Ж.Аймауытұлының «Қолдорба», «Оянған Асан», «Түлкі, қасқыр, түйе», «Екі еріншек» атты қолжазбаларына пікір білдірсеңіздер екен» деп өтініш хат жолдаған. Міне, осы аталған қолжазбалар еш жерде жинақ болып шықпаған. Кейінгі тағдыры да белгісіз. Осындай жоғалған қолжазбаларының ең көлемдісі - «Мәскеу және Қырымға жолаушылық» атты еңбегі», - дейді ғалым. Бұл сұхбат « Ұлтқа қызмет етудің үлгісі» деген тақырыппен жарияланды.

Соңғы жаңалықтар