Australian Open: Елена Рыбакина екінші рет чемпиондық атаққа таласады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты. 

Елена Рыбакина
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға тап келді.

Қарсыластар осыған дейін өзара алты мәрте кездесіп, әрқайсысы үш-үштен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы брейкпен бастаған Рыбакина 3:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Екінші сетте есеп 1:1 болғаннан кейін теннисшілер брейкпен алмасты. Дегенмен Елена брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Бірақ Пегула да қалыспай, Рыбакинаның үш матчболды пайдалануына мүмкіндік берді – 5:5. Рыбакина тай-брейкте дегеніне жетті – 7:6 (9:7). 

Бір сағат 40 минутқа созылған матчта Рыбакина 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Пегула 2 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Елена Рыбакина финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда рейтингіде 12-орындағы украиналық Элина Свитолинаны айқын басымдылықпен жеңді – 6:2, 6:3. 

2023 жылы Рыбакина финалда Соболенкодан 6:4, 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалған еді. Белорусь теннисші Аустралия чемпионатының финалында төрт рет өнер көрсетіп, соның екеуінде жеңімпаз болған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның екінші рет финалға жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар