Australian Open: Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирін жеңіспен бастады

МЕЛЬБУРН. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.Қазақстандық теннисшіге алғашқы айналымда-ақ қиын қарсылас тап келді.

елена рыбакина
Фото: ktf.kz

Кезінде әлемдік рейтингіде көш бастаған, қазір рейтингіде 38-орында тұрған чехиялық, 31 жастағы тәжірибелі Каролина Плишкова оңай шағылар жаңғақ емес-ті.

Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның бәрінде Е.Рыбакина ұтқан еді.

2020 жылы Дубайда 7:6 (7:1), 6:3, 2022 жылы Мексикада Гвадалахарада 7:6 (7:5), 6:2 және өткен жылы тағы да Дубайда 6:4, 6:2 есебімен басым түскен-ді.

Бірақ екеуі «Үлкен дулыға» турнирінде алғаш рет бетпе-бет келді, соның мұның бәсі биік-ті.

Бірінші партияда Каролина брейк жасап, 2:0 есебімен алға кеткенімен, Елена таразы басын теңестіре алды.

Тай-брейкте де чехиялық спортшы 6:3 есебімен алға шығып, төрт бірдей сетболын пайдалана алмады. Е.Рыбакина қатарынан бес допты өзіне жазды — 7:6 (8:6).

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті — 2:1. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ — 6:4.

Бір сағат 32 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 6 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін мүлт жібермеді. К.Плишкова 4 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 57-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен шеберлік байқасады.

Ол рейтингіде өзінен бір саты жоғары тұрған испаниялық Кристина Бучаны жолдан тайдырды — 6:4, 6:2.

Өткен жылы қазақстандық теннисші финалға дейін жетіп, онда Беларусь өкілі Арина Соболенкоға есе жіберген еді — 6:4, 3:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Недовесовтің тартысты матчта есе жібергенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик жарыс жолынан шығып қалды

Соңғы жаңалықтар