Аустралия полициясы Сиднейдегі терактінің ДАИШ-ке қатысы барын мәлімдеді

АСТАНА.KAZINFORM — Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында болған қарулы шабуыл террористік ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) ұйымының ықпалымен жасалған. Мұндай қорытындыны Аустралия полициясы айтты, деп Анадолы агенттігі жазды.

Аустралия полициясы Сиднейдегі теракт ДАИШ-пен байланысты екенін мәлімдеді
Фото: Anadolu Ajansı

Шабуыл салдарынан 15 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Аустралия Федералдық полициясының (AFP) комиссары Крисси Барретттің айтуынша, шабуылға қатысы бар 50 жастағы күдікті оқиға орнында оққа ұшты, ал 24 жастағы екінші күдікті жараланып, ауруханаға жеткізілген.

Комиссардың мәлімдеуінше, ауруханада жатқан күдіктіге ауыр айыптар тағылатын болады. Тергеу әлі бастапқы кезеңде болғандықтан, оның барысына әсер етуі мүмкін мәліметтер әзірге жарияланбайды.

Полицияның дерегінше, шабуыл ДАИШ террористік ұйымының ықпалымен жасалған.

Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты полициясының комиссары Мал Лэньон күдіктілердің қараша айында Филиппинге барғанын атап өтті. Бұл дерек тергеу барысында мұқият тексеріледі.

Сонымен қатар 24 жастағы күдіктінің көлігінде ДАИШ ұйымының қолдан жасалған тулары болған.

Осы уақытта Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезе ауруханада жатқан сириялық Ахмед әл-Ахмедке арнайы барып шыққанын айтты. Ахмед шабуыл кезінде қаскүнемдердің бірін қарусыздандырып, өзі де жарақат алған.

Премьер-министр Ахмедті «нағыз батыр» деп атап, көптеген адамның өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, Ахмедке тағы бір операция жасалуы тиіс.

Еске сала кетейік, теракт Bondi Beach жағажайында, иудейлердің Ханука мерекесінің басталуына арналған іс-шара кезінде болған.

Сондай-ақ тергеу барысында шабуылға қатысы бар тұлғалар әкесі мен баласы екені анықталды. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл теракт салдарынан 16 адам қаза тауып, 40 адам жараланған.

Германия, ЕО және Түркия Аустралиядағы террористік шабуылды айыптады.

Соңғы жаңалықтар