Аустралия полициясы теракт жоспарлады деген күдікпен жеті ер адамды ұстады
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралия полициясы Сиднейдің оңтүстік-батыс маңындағы аудандарының бірінде теракт ұйымдастыруы мүмкін деген күдікпен жеті ер адамды қамауға алды.
Бұл туралы ABC радиостанциясы Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты полиция басқармасындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Тергеушілердің мәліметінше, 18 желтоқсанда ұсталған бұл ер адамдар көршілес Виктория штатынан Сиднейге келген. Олар «исламшыл экстремистік идеологияны ұстанады» және «зорлық-зомбылық актісін жоспарлаған болуы мүмкін» деген күдіккке ілініп отыр.
Штат полициясы комиссарының орынбасары Дэвид Хадсонның айтуынша, тінту кезінде күдіктілерден табылған жалғыз қару — пышақ, ал атыс қаруы анықталмаған.
«Бізде олардың Бондай жағажайына баруды жоспарлағаны жөнінде белгілі бір ақпарат бар. Өткен жексенбіде Сиднейде болған қайғылы оқиғадан кейін біз тәуекелге барып, олардың не істейтінін күтіп отырмаймыз, сондықтан оларды ұстау туралы шешім қабылдадық», деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ханукка мерекесін тойлау кезінде Сидней жағажайында атыс болғанын хабарлағанбыз. Ал кейінірек лаңкестердің әкесі мен баласы екені анықталды.
Соңғы мәліметтер бойынша, бұл теракт салдарынан 16 адам қаза тауып, 40 адам жараланған.