Аустрия босқындардың отбасын қайта біріктіру процесін уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM –  Аустрияның үш партиялы коалициясы босқындардың отбасын қайта біріктіру процесін дереу тоқтату туралы шешім қабылдады. Үкіметтің мәлімдеуінше, әлеуметтік жүйе шамадан тыс жүктеліп, босқындардың ағынын игере алмай жатыр, деп хабарлайды Euronews.

Австрия босқындардың отбасын қайта біріктіру процесін уақытша тоқтатты
Фото: Pixabay

Адам құқықтарын қорғаушылардың пікірінше, бұл баспана беру жөніндегі еуропалық заңнаманы бұзу.

Аустрия канцлері Кристиан Штокер бұл қадамды халықтың көбеюіне байланысты әлеуметтік қызметтердің толық қуатында жұмыс істей алмай жатқанымен түсіндірді.

— Уақытша тоқтату, мен айтқандай, бұл уақытша шара. Соңғы жылдары бізге келген адамдардың қоғам мен білім беру жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы ағымды, яғни бізге келетіндерді де, қазір осында тұрып жатқандарды да басқаруға мүмкіндік беруге бағытталған. Аустрияның мүмкіндіктері шектеулі, — деді канцлер Кристиан Штокер.

Жаңа шараға сәйкес, «қорғалған мәртебесі» бар босқындарға (мұндай адамдарды депортациялауға болмайды) егер олардың туыстары әлі де өз елдерінде тұрып жатса отбасын әкелуге рұқсат етілмейді. Жаңадан құрылған Аустрия үкіметі миграцияны тежеуді басты басымдық деп жариялап, баспана беру ережелерін қатаңдатуға уәде етті.

Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы отбасын қайта біріктіру бағдарламасы бойынша Аустрияға 7 762 адам келген. Баспана іздеушілердің көпшілігі Сирия мен Ауғанстаннан келген.

Сонымен қатар, Аустрияның ішкі істер министрі Герхард Карнер ақпан айында отбасын біріктіру бойынша бар болғаны 60 өтініш түскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сириялықтардың өтініштерінің көпшілігі Дамаскіде билік өзгеруіне байланысты қаралмағандықтан болуы мүмкін.

Бұған дейін Аустрияда жаңа канцлердің ант қабылдағаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар