Аустрияда Тейлор Свифтің концертіне шабуыл жасамақ болған ер адам 15 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы Аустрия астанасы Венада әнші Тейлор Свифтің концерті кезінде жиһадтық шабуыл ұйымдастырмақ болғанын мойындаған 21 жастағы Аустрия азаматы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ВВС жазды.

сотталды
Фото: freepik.com

Аустрия заңнамасына сәйкес іс материалдарында Беран А. деп көрсетілген ер адам өзіне тағылған басқа да қылмыстар бойынша кінәсін мойындады.

Бейсенбі күні ол Винер-Нойштадт қаласындағы сотта жасаған әрекетіне өкінетінін мәлімдеді. Осыдан кейін алқабилер үкім шығару үшін бірнеше сағатқа кеңесу бөлмесіне кеткен.

Тейлор Свифтің Eras әлемдік туры аясындағы концерттері 2024 жылғы тамызда Венадағы «Эрнст Хаппель» стадионында өтуі тиіс болған. Алайда Аустрия билігі АҚШ Орталық барлау басқармасынан (ЦРУ) ықтимал шабуыл туралы ақпарат алғаннан кейін күдіктілерді ұстап, концерттер өткізілмейтін болды.

Әншінің жоспарланған үш концертіне жалпы саны 200 мыңға жуық билет сатылған еді.

Еске сала кетсек, өткен айда Түркияда антитеррорлық іс-шаралар ұйымдастырылып, 90 адам ұсталды.