Аусыл індетінің таралуына ұрлық жолымен шекара асып келген мал себеп болды

Кейіннен Қытаймен шекарада орналасқан тұстағы аусыл ошағының шығу төркіні шекараның арғы жағынан анықталған болатын. «Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы аусыл оқиғасы нақты Қытаймен шекара маңында орын алғандығы анықталып отыр. Бүгінгі күні Қытайдың ветеринарлық қызметіне аса қауіпті аурудың шығуына байланысты анық ақпараттар ұсыну туралы арнайы хат жолданды», - деген болатын сол кездері Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмет Жақыпбаев. Оның айтуынша, инфекция шекара асқан жабайы аң-құспен немесе адамдармен ілесіп келуі мүмкін.
Сөйтіп елдің шығысындағы аусыл ошағын жою жұмыстары жүріп, ол аяқталмай жатып-ақ оңтүстіктегі Жамбыл облысының Мойынқұм, Жиделі ауылдарында аусыл індеті тағы тіркелді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияевтың хабарлауынша, ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық өткізген сараптаманың нәтижесінде екі жерде де ірі қараның 7601 басы және ұсақ малдың 6326 басы тәркіленіп, 186 ірі қара және үш ұсақ мал жойылған. Аусыл ауруының ошақтарына карантин жарияланған болатын. Қызметтік тергеудің алдын ала болжамы бойынша аусыл ауруына Қырғызстанмен шекаралас жерлерден ауру малдың заңсыз әкелінуі себеп болған.
Арада апта өтер-өтпестен Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл және Алматы облыстарында аусыл ауруының жаңа ошақтарын тіркеді.
Бұл жолы індет шарпыған ошақтың саны 7-ге жетсе, соның 4-еуі Алматы облысында, 3-еуі Жамбыл облысында орын алғаны белгілі болып отыр. Бұл ретте де Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары қауіпті індеттің пайда болуына шекаралас мемлекеттерден контрабандалық малдың әкелінуі себеп болғанын алға тартады.
«Атап айтқанда, Жамбыл облысы Қордай ауданында індет ошағының пайда болу себептерінің қызметтік тексерістің алдын ала мәліметі бойынша аусыл ауруын жұқтырған 26 бас ірі қара Қырғызстаннан контрабандалық жолмен әкелінгені анықталды. Шаруашылықта барлығы 54 бас ірі қара мал, 260 бас ұсақ мал және 40 бас жылқы бар. Бұл пункт аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан», - дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Мереке Тайтубаев. Оның айтуынша, барлық ауру малдан патологиялық материалдың сынамасы алынып, нақты диагнозды анықтау үшін зертханаға жіберілген.
Аусыл ауруының тағы бір ошағы Алматы облысы Жамбыл ауданы Үңгіртас селолық округінің «Мұса» мал жайылымында орналасқан «Болашақ» шаруа қожалығында тіркелген еді. Шаруашылықтың ірі қара малдарын тексеру барысында аусыл ауруының клиникалық белгілері анықталып, соған қоса, өткен және ағымдағы жылдары туылған төлдердің 3 басы өлгені белгілі болыпты. «Барлығы шаруашылықта 115 ірі қара мал басы бар. Бұлардың басым бөлігін иесі «Азамат» мал базарынан Ұзынағаш аулының тірі малдарды сататын базарынан және Алматы облысы Жамбыл ауданының әртүрлі қожалықтарынан алғаны белгілі болып отыр. Мұнда да аурудың ұрлық жолымен келген малдан жұққаны туралы дәлелдер келтіруге негіз баршылық. Мәселен, Дегерес ауылындағы жеке ауланың бірінен аусыл ауруының клиникалық белгісі бар 5 бас ірі қара мал белгілі болды. Ал сол малдың екеуінде Оңтүстік Қазақстан облысының литерлік белгісі бар сырғалары анықталды, ал бұл олардың құжаттарына сәйкес келмейді. Қалған малдарда анықтайтын ешбір белгілері жоқ. Бұл олардың аусыл ауруынан қолайсыз көршілес мемлекеттердің шекаралас өңірлерінен шыққандығының жанама дәлелі болып саналады. Бұған қоса, тексеріс барысында тағы біраз мал басы Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Алтын Орда» базарынан сатып алынғандығы анықталды», - дейді Мереке Тайтубаев.
Жалпы министрлік өкілінің айтуынша, шекаралас республикалардан бірнеше індеттік аурулардың, оның ішінде аусыл ауруының таралуына бірқатар факторлар көрініс береді. Оның ішінде Қырғызстанға қатысты қолайсыз жағдайлар да баршылық. «Мәселен, өткен жылы Қырғыз Республикасында аусылдың 3 ошағы тіркелген еді. Бірақ олар бұл турасында Халықаралық Эпизоотиялық бюроға бірде бір хабарлама жіберген жоқ. Сонымен қатар, бірқатар індеттік аурулар бойынша қауіпті саналатын мемлекеттерден тірі мал және бақылаудағы өнімдерді әкелуге шектеу енгізілгенмен Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы малдардың контрабандалық жолмен әкеліну фактісі көрініс табуда. Сондықтан, Қазақстан аумағында аусыл ауруының шығуын және таралуын алдын алу бойынша Комитетпен оңтүстік облыстардан, оның ішінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан ауруға бейім жануарларды шығаруға шектеу енгізу бойынша қосымша шаралар қабылданды», - дейді М. Тайтубаев.
Осыған орай, Алматы және Жамбыл облыстарында аусыл індетінің ошағы бойынша қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциялары жедел режимде қызмет етуге кіріскен. Ауру малды анықтау бойынша аулаларды аралау күшейтіліп, ауру мал анықталған жағдайда патологиялық материалдың сынамасы алынады. Экспресс-тәсілмен диагнозын анықтау жұмыстары ұйымдастырылған. Індет ошақтарына карантин жариялау бойынша әкімдердің шешімі жедел қабылдануда. «Жергілікті атқарушы орган ветеринариялық қызметімен бірлесе аусыл ошағын жою және оны басқа да қолайлы аймаққа одан әрі таралуына жол бермеу бойынша кешенді жоспарлар жасалынды. Аудандардың бас мемлекеттік инспекторларымен аусылға күдік келтіру бойынша уақытша карантиндік режим қою туралы ұсыныс беріліп отыр. Сонымен қатар, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қазақстан Республикасы аумағында аусыл ауруының енуі және пайда болуына жол бермеу мақсатында, бірқатар жүйелі шаралар қабылдады. Атап айтқанда, оңтүстік өңірлер (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары) буферлік аймаққа жатқызылды. Республиканың барлық аумағында жасырын вирустасымалдаушыны мүмкіндігінше азайту мақсатында, аусыл вирусының құрылымсыз белогының барлығын анықтау бойынша серомониторингтік зерттеулер жүргізілуде. Ауру жануарларды дер кезінде анықтау және қолайлы өңірлерге контрабандалық тасымалдауға жол бермеу үшін жануарларды сататын орындарға бақылау күшейтілуде. Малдың ауруды қайта жұқтыру қаупі туралы халықты дер кезінде хабарлау үшін қолайсыз пункттерді анықтау кезінде ветеринариялық қызмет жұмысының айқындығы мен ашықтық деңгейі жоғарылап келеді», - дейді М. Тайтубаев. Жалпы алғанда, қауіпті індеттің таралуына жұртшылық тарапынан да жол бермеу амалдары қарастырылғаны ләзім. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар талаптарды есте ұстау керектігін алға тартады. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес барлық ірі қара мал басы туғаннан кейінгі 7 күн ішінде сырғаланып, жануарларды бірегейлендіру жөніндегі мәліметтер базасына енгізілуі қажет. Осыған орай, базардан мал сатып алушылар барлық жануардың ветеринарлық құжаттарының, ал ірі қара мал үшін қосымша бірегейлендірілген құлақ сырғаларының болуына назар аударғаны жөн. Аймақтарда індеттің таралуының басқа да маңызды факторларының бірі мал иелерінің, жергілікті атқарушы органдар немесе ветеринарлардың ауру малды жасыруы болып отыр. Бұған еш жол берілмеуі шарт. Осы орайда айта кетерлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі тәркіленіп және жойылған ауру малға нарықтық құнымен 100 пайыздық өтемақы төленетіні жөнінде ресми мәлімдеген болатын. «Бұған дейінгі қаулылар бойынша ауру кесірінен жойылған ірі қара малдың өтеуі 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 75 мың теңге болатын. Осы қаулыға өзгерістер енгізілді. Өйткені ірі қараның базардағы нарқы бұдан әлдеқайда жоғары, шамамен 160-180 мың теңге. Осыны ескере келе, қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аусылға қатысты жойылған әр мал басына төленетін өтемақы нарықтағы құнмен өлшенетін болады», - дейді бас ветеринар.
Түйіндей айтатын мәселе, аусыл індеті елімізде бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін де бірді-екілі оқиға малды ауылды талай сорлатқан. Ендеше, індеттің алдын алу жұмыстары сауатты жүргізілгені дұрыс. Бүгінгі мұндай мәселенің бәрі - келешек үшін сабақ.