Ауыл халқының кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік беретін арзан несиелер берілуде
АҚТАУ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыста ауыл халқын жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік беретін арзан несиелер беру жолға қойылып жатыр.
Өткен жылы бірқатар адамдарға қаржылай және тауарлы несие берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауылшаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.Тауарлы несие беру негізінен «Маңғыстауагросервис» МКК арқылы жүргізіледі. 2008 жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қажетті техника, құрал-жабдықтар, материалдық ресурстар алу үшін 150 млн. теңгенің тауарлық несиесі берілген. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Маңғыстау филиалы арқылы 228 ауыл тұрғындарына 53 млн. теңгенің несиесі, оның ішінде, 2 млн. теңге күн көру деңгейінен төмен табысы бар 25 үй шаруашылығына берілген. 2009 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бизнес-жобаларын қаржыландыру мақсатында аталған филиал арқылы несиелендіруге жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге қаржы бөлінуде.«КазАгроҚаржы» филиалы арқылы 2 кәсіпорын 29 млн. теңгенің құралдары мен техникасын несиеге алды. 2009 жылы осы акционерлік қоғамға 4 тұлғаның бизнес-жобалары ұсынылды.