Ауыл имамы асырап алған жеті жетім балаға «Балдәурен» лагеріне тегін жолдама берілді - Ақмола облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы Кенесары кентінде тұратын ауыл имамы Мұрат Қабылбаевтың Бурабай ауданындағы «Ақкөл» балалар үйінен жеті жетім баланы (есімдері - Николай, Оксана, Нина, Болат, Төлеген, Темірлан, Аделя) асырап алғанына 3 жылдан асты. Үшеуі - орыс ұлтынан. Бірақ олар өздерін елдің нағыз патриоттары санайды. Қазақ тілінде еркін сөйлейді, өйткені, қазақ мектебінде оқиды.

Ауыл имамы асырап алған жеті жетім балаға «Балдәурен» лагеріне тегін жолдама берілді - Ақмола облысы

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл имамының осынау сауапты жұмысынан хабардар болған Ақмола облысы Щучье қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Мұхитдин Бекболатұлы жетім балаларға 2015 жылдың 1 маусымынан бастап 20 күнге тегін жолдама берді.

«Біз жұмыс барысында қайырымдылық жобаларға көп көңіл бөлеміз. Бізге келетін балалардың арасында мүмкіндігі шектеулі, зағиптар, жетімдер көп. Қайырымдылық жасау - барша адамның ортақ парызы», - дейді балалар орталығының директоры Мұхитдин Төлепбай.

Мұрат имам директордың бұл қайырымды ісіне ризашылық білдіріп, 1-2 айдың көлемінде тағы да қосымша үш жетімді қамқорлығына алу ниеті барын жеткізді.