Ауыл кәсіпкерлері құжаттарды рәсімдеу үшін облыс орталығына бірнеше мәрте баруға мәжбүр - Атырау облысы

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Атырау қаласында облыстың екінші деңгейлі банктерінің және қаржы институттарының қатысуымен жиналыс өтіп, онда кәсіпкерлердің қаржы құралдарына қол жеткізудегі қиындықтары мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Ауыл кәсіпкерлері құжаттарды рәсімдеу үшін облыс орталығына бірнеше мәрте баруға мәжбүр - Атырау облысы

Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атырау облысында шағын және орта бизнес нысандарына 2012 жылы берілген несие көлемі 23 912,4 млн.теңгені құрады. Мемлекет тарапынан да «Бизнестің жол картасы-2020» сынды бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің несие алуына қолдау көрсетіліп келеді.

«Кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көрсеткішін көтеру үшін банктер белсенділігін күшейтуі қажет. 2012 жылдың қорытындысы бойынша алғашқы орында 13 жобаны несиелендірген Халық банкі тұрса, 7 жобаны несиелендірген Еуразия банкі келесі сатыда. Ал, БТА банк, Дельта банк, Казинвест банк, Альфа банктер аталмыш бағдарламаға мүлдем қатыспаған. Бұл облыс орталығындағы мәселе болса, аудан орталығындағы шағын және орта кәсіп иелері үшін басты проблема - қаржы ресурстарының қолжетімсіздігі. Оның үстіне құжаттар рәсімдеу үшін ауылдар мен аудандардағы кәсіпкерлер облыс орталығына бірнеше мәрте келуге мәжбүр», - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық өкілдігінің директоры Ербол Қайранбаев «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған алғашқы кезеңде субсидия беруге 86 келісімшарт және 7 кепілдіктің келісімшарты жасалғанын мәлім етті. Өткен 2012 жылы осындай жолмен 56 келісім және 6 кепілдік келісімшарты жүргізілсе, биыл оның санын 100-ге, кепілдік келісімшарттарының көлемін 25-ке жеткізуді жоспарланып отырған көрінеді.

Сондай-ақ, жиында Е.Қайранбаев «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының 4-ші бағытына, оның ішінде «Бизнес-кеңесші», «Топ-менеджментті оқыту», «Іскерлік байланыс», «Даму-Көмек» секілді негізгі бағдарламаларға жеке-жеке тоқталып, олардың артықшылықтары мен кәсіпкерлерге жасалып отырған мол мүмкіндік түрлерін ашып айтты.

Кәсіпкерлікті өрістету мақсатында құрылған «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) бүгінде облыстық әкімдікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына өз үлесін қосып келеді. Корпорация төрағасы Абат Тасимов облыстық әкімдіктің жан-жақты қолдау көрсетіп отыратындығын да баса көрсетті.

Атап өту керек, күні бүгін «Атырау» ӘКК-ы аймақтағы қаржы құралдарының біріне айналып отыр. Осы тетік арқылы облыста бір жоба жүзеге асырылып, өз қызметін табысты жүргізіп келеді. Ал, корпорация биыл 22,4 млрд.теңгенің инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, корпорацияның 2013 жылға қойып отырған негізгі мақсаттары бар. Солардың ең бастысы - облыс әкімдігінің тапсырмасына орай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөндіріс кешенін дамыту және жаңа жұмыс көзін ашу. Бұған қоса, шетелдік капиталдарды қатыстыра отырып, облыс экономикасына инвестиция тарту жұмыстарын де көздеп отыр.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қаржы институттары мен екінші деңгейлі банк өкілдерінің бірігіп, аудандарға арнайы барып, жергілікті кәсіпкерлерге түсінік жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

«Шалғай аудандар мен ауылдардағы кәсіпкерлердің қалаға келе беруіне мүмкіндіктері болмауы мүмкін. Бір құжат үшін айлап уақыт жоғалтатындары да бар. Сондықтан, банктер мен қаржы институттарының аудандардағы өкілдіктерінің болуы жергілікті кәсіпкерлерге өте қолайлы», - дейді ол.