Ауыл өзін ғана емес, әлемді де асырай алар әлеуетке ие

Жылдың төрт мезгілі өз үйлесімділігімен ауысып отыратын, жер бедері сулы, нулы, шөлді-шөлейтті, таулы, жазықты болып келетін кең байтақ өлкеміз қазіргі жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс пен күрделене түскен геосаяси жағдайларға қарамастан, инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Бұл тартымдылық қойнауы қазынаға толы еліміздің ен байлығын айтпағанда, ең алдымен ішкі саяси тұрақтылық пен береке-бірлік негізінде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалға байланысты.
Маусымның алғашқы аптасында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен ҚР президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-ші отырысы барысында елімізде біршама уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан сарапшылар мен инвесторлар атап айтқандай, бүгінде Қазақстан - инвестиция үшін өңірдегі ең жақсы жағдай жасалған ел. Атап айтқанда, елімізде басымдық берілген барлық саладағы инвесторлар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығы мен жер салығын, 8 жылға дейін мүлік салығын төлеуден босатылды. Инвесторлар үшін салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріліп отыр. Сондай-ақ мемлекет нысандар пайдалануға берілгеннен кейін күрделі шығындар үшін 30 пайызға дейін өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Шетелдік инвесторлар кеңесінің бұл жылғы жалпы отырысының тақырыбы Қазақстандағы агробизнестің даму мәселелеріне арналды. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі және үшінші әлем деп айдар тағылған бірқатар елдерде ашаршылық орын алып отырған қазіргі ала-құла дүние дамуы жағдайында бұл тақырып кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. БҰҰ болжамы бойынша, 2025 жылға қарай Жер шары халқының саны 8 миллиардтан асады, ал 2050 жылға қарай 9 миллиард адамға жетуі мүмкін. Алдағы 15 жылда орта тапқа жататын тұтынушылар саны 3 миллиардқа өсіп, 4,8 миллиард адамға жетеді. Өсімнің 90 пайызы Үндістан мен Қытайға тиесілі болмақ. Сөз басында айтып өткеніміздей, жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын біздің еліміз - ауыл шаруашылығының орасан әулетіне ие.
Сонымен қатар, дәстүрлі өңірлік нарықтарды, сондай-ақ Қытайдағы, Үндістан мен Таяу Шығыстағы жаңа нарықтарды қамтамасыз ету үшін географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқандығы да Қазақстанның рөлін айшықтай түседі. Міне, ауыл шаруашылығы ресурстарының ауқымын осы тұрғыда ескерсек, еліміздің отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды, бірақ әлі ашыла қоймаған әлеуеті бар. Осы орайда Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-ші отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан үшін аграрлық сектор дәстүрлі зор мәнге ие - бұл біздің халықты жұмыспен қамтып отырған ең үлкен сала және болашақтағы экономикалық әртараптандырудың басты көздерінің бірі. Бізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлемдегі ең жақсы жағдай қалыптасқан. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы - 215 миллион гектар. Бұл - әлемдік ресурстардың 4 пайыздан астамы. Қазақстан бір тұрғынға шаққандағы егістік алқабының ауданы жөнінен әлемде Австралия және Канадамен бірге алдыңғы қатарда тұр. Өңірлердің табиғи-климаттық тұрғыдан әралуандығы мен топырақтың құнарлылығы бізге түрлі бағыттарда - бидай, күріш, майлы дақыл және жем-шөп дақылдары, ет және сүт өндірісінде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушыларының ондығына кіреді. Орталық Азия елдеріне жыл сайын 6 миллион тоннаға дейін, Еуропалық одақ елдеріне 2 миллион тоннаға дейін астық экспортталады. Жалпы алғанда, Қазақстан экспортының географиясы 70 елді қамтиды», - деді.
Қазақстандағы аграрлық бизнес экономика үшін пайдалы және маңызды секторға айналып келеді. «Агробизнес - 2020» ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында аграрлық азық-түлік секторына 16 миллиард доллардан астам қаражат инвестицияланатын болады. Соңғы 4 жылдың өзінде мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне 5 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Алайда, бүгінгі таңда еліміздің аграрлық сала әлеуетінің болмашы бөлігі ғана пайдаланылуда. - Аграрлық сектор әзірге экономикалық өсімнің және экономиканы әртараптандырудың драйвері бола қойған жоқ. Соңғы 5 жылда өнімдер импорты 45 пайызға өсіп, жылына 4 миллиард долларды құрап отыр. Тұтынылатын ірімшік пен құс етінің жартысы, шұжық өнімдері мен сары майдың 40 пайыздан астамы импортталады. Осының бәрін ел ішінде өндіре аламыз. Инвестиция салуға дайын жандар үшін кепілдендірілген өткізу нарығы бар, - деді Елбасы. - Өңдеуші сектордың дамуы үшін де зор әлеует бар. Мысалы, бүгінде бидайдың жалпы көлемінің тек 1 пайызы ғана макарон өнімдері өндірісіне бағытталады. Қазақстан өзінің брендтік өнімдері өндірісі мен экспортын едәуір кеңейте алады. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, елімізде аграрлық секторды дамыту мүмкіндіктері орасан. «Біз ашық еңбек нарығын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Инвесторлардың жоба іске асырылатын барлық кезең ішінде және нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенше қандайда бір квота мен рұқсаттамасыз шетелдік жұмыс күшін тартуға мүмкіндігі бар. Осы артықшылықтардың барлығы толық күйінде агроөнеркәсіп секторына да қатысты. Менің ойымша, әлемде инвесторлар үшін мұндай мүмкіндіктер ұсынатын елдер көп емес», - деп атап өтті Президент. Мемлекет басшысы осы салада басты мақсат - ауыл шаруашылығы өндірісін тиімділігі жоғары, әртараптандырылған және экспортқа бағдарланған өңдеу секторына арналған база ретінде дамыту екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда ет және сүт өндіру бағыты бойынша еліміз сапалы әрі экологиялық тұрғыдан таза өнім жеткізуші ретінде әлемдік жетекші компаниялармен стратегиялық серіктестік арқылы үш жылда ішкі және экспорттық нарықтарда елеулі орын алу міндетін алға қойып отыр. Саланың бәсекеге қабілеттілігі толығымен табиғи ресурстарды лайықты пайдалану технологияларының қаншалықты тиімді болатынына байланысты. Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық салалар қатарына өтуде. Бүгінде дамыған елдерде фермерлік шаруашылықтар мониторинг, зерттеу жүргізетін және практикалық ұсынымдар әзірлейтін ғылыми-зерттеу институттарына бекітіліп берілген. Бұл фермерге өнімділікті арттырып, жаңа технологиялар енгізу үшін зор мүмкіндік береді. Сондықтан «Біз қазіргі кезде ғылым және білім беру инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Еліміздегі үш ірі аграрлық университет бірыңғай ғылыми білім беру орталығын құру үшін біріктіріледі. Қолданбалы ғылымды дамыту, кадр даярлау және заманауи технологиялар енгізу мәселелерін шешу осы орталықтың міндеті болады. Алдағы бес жылда аграрлық сала бойынша Қазақстанда алдыңғы қатарлы өңірлік зерттеу және білім беру орталығын құру үшін үздік халықаралық серіктестерді тарту ниетіндеміз», - деді Н.Назарбаев. Елбасы Қазақстандағы аграрлық өндірістің дамуына нақты үлес қосып отырған барлық инвесторларға ризашылық білдірді. «Мысалы, «Филип Морис» компаниясы Алматы облысында «Агробизнес орталығын» құрды, онда фермерлер дақылдарды өсірудің, тамшылатып суғарудың, жылыжай шаруашылығының, тыңайтқыш қолданудың жаңа технологияларын үйренеді. Мұндай жобалар мемлекет тарапынан кеңінен қолдау табады. Сондай-ақ «Бейкер және Макензи» компаниясының атқарушы комитетінің мүшесі Э.Ширдің баяндамасында координатты егіншілікті дамыту жөнінде қызықты ұсыныс айтылды. Үкімет осы мәселені егжей-тегжейлі пысықтап, жүзеге асыруға кірісуі тиіс», - деді Президент. Мемлекет басшысының бастамасымен қазіргі күні елімізде ауқымды институционалдық реформалар, соның ішінде инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіруге бағытталған реформалар қолға алынуда. Бұл - заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамытуды, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды, транспарентті және есеп беретін мемлекет құруды қарастырады. Осы реформаларды жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары қабылданды. Онда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ашық әрі тиімді нарығын құру, сондай-ақ өңдеу саласына трансұлттық компанияларды белсенді түрде тарту қарастырылған. «Ұсынылып отырған өзгерістердің тиімді жүзеге асырылуы жаңа сапалы институционалдық орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп, Қазақстанды инвестиция үшін бұдан да тартымды ете түседі деп сенемін, - деді сөзін қорытындылай келе Нұрсұлтан Назарбаев. - Әлеуетті инвесторлардың бәрін Қазақстанға, соның ішінде агробизнеске инвестиция салу мүмкіндіктерін мұқият зерттеуге шақырамын. Бүгін маған жекелеген компаниялардың басшылары жолығып, жоғары халықаралық стандарттар бойынша сиыр еті өндірісін құру жөніндегі ұсыныстар айтты. Мен Үкіметке бұл ұсыныстарға қолдау көрсетіп, аталған компаниялармен келіссөздер жүргізуді тапсырдым. Барлық инвесторларды Қазақстандағы агроөндірісті дамыту үшін инвестиция салуға шақырамын. Бұл біздің бәрімізге пайдалы болатынына сенімдімін». Тақырыпқа байланысты өз кезегінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті сэр Сума Чакрабарти жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінде Қазақстан рөлінің алатын маңызы зор екеніне тоқталды. «Қазақстандағы компаниялар өнімділігін арттырып, халықаралық нарықтармен коммуникацияларды жақсартып, қажетті инфрақұрылымды құрса, онда сауда көлемін ауқымды деңгейге жеткізе алады. Әсіресе, қазіргі кездегі геосаяси күйзеліс салдарынан халықаралық нарықтарда алшақтық туындаған кезде қазақстандық компаниялар нақты қадамдар жасай алады, - деді ол. - Ауыл шаруашылығы саласына өзгерістер қажет. Бұл тұрғыда жаңа технологиялар, жаңа капиталдар, белсенді кәсіпкерлер керек. Ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін қазіргі кездегіден әлдеқайда көп кіріс әкеліп, мұнай бағасына байланысты туындайтын қиындықтардан сақтандыруға қауқарлы болуы тиіс. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін болады. Біз бұл бағытқа қаржылық секторды тартқымыз келеді». Сонымен, Қазақстан үкіметінің қолдауы арқасында Еуропалық қайта құру және даму банкі агробизнес үшін жаңа бағдарламаны қосуға ниетті. Ендігі жерде фермерлер үшін инновациялық бағдарламалар да іске қосылмақ. Осылайша, күні ертең ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен инновациялардың дендеп енуі арқылы еліміз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де өзіндік рөл атқаратын болады.