«Ауыл» партиясы «Гүлденген ауыл» акциясының басталғанын жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Ауыл» партиясы үздік бизнес-жобаларды насихаттауға негізделген «Гүлденген ауыл» онлайн акциясының тұсауын кесті.
Акцияның мақсаты - барлық аймақтардан ауылда жүзеге асыруға қолайлы, келешегі бар тиімді бизнес-жобаларды жинақтап, оны іске асыруға жәрдемдесу.
«Партияның ұйымдастыруымен «Гүлденген ауыл» атты ауылдағы табысты жобаларға арналған іс-шараларды жүзеге асыруға үшін жиналып отырмыз. Жалпы, болашақта Қазақстан үлкен аграрлы-индустриялық мемлекет болуға толық әлеуеті бар. Осы бағытта ауыл ғылымын дамытуымыз керек, сондай-ақ осы бағыттағы инженерлік ғылымға ерекше мән беру қажет. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыру үшін жаңа сұрыптар мен тұқымдар қажет болып тұр. Бұл мәселелер тақырыбында бүгін талқылаулар жүргізіп, жұмысымызды осы бағытта өрбітеміз»,-деді «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының хатшысы Бөрібай Жексембин.
Айта кетейік, тиімділігі жоғары, көп қаражатты қажет етпейтін жобалар мен оларды іске асыру тетіктері партияның ресми сайтында жарияланбақ. Бұл бағытта ауыл халқына өз кәсібін бастауға көмек жасалып, ынталандыру шаралары көзделген.