Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобалардың берері мол – БҚО әкімінің орынбасары Е.Салықов

Л. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекет тарапынан елімізде аграрлық салаға айрықша көңіл бөлініп, көптеген инвестициялық жобалардың жүзеге асып жатқаны белгілі.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобалардың берері мол – БҚО әкімінің орынбасары Е.Салықов

Әсіресе, Елбасының биылғы Жолдауында етті мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып, бұл мақсатқа 130 млрд. теңге бөлінетіні айтылды. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Салықов өз ой-толғамын былайша білдіреді.

-Елбасы қойып отырған басты талаптардың бірі - еліміздің ауыл ша­руашылығы саласын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деп бастады әңгімесін Ербол Ғұмарұлы. - Осыған орай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2014 жылы екі есе, 2020 жылға қарай 4 есе өсіру міндеті қойылған. Мемлекетіміздің қолдауы арқасында аграрлық салада бірқатар ірі жобалар жүзеге асу үстінде. Көздеген мақсатымыз - шикізат өндіріп, сату ғана емес, оны өңдеу саласын да жандандыру. Бұл шеттен әкелінетін азық-түлік көлемін азайтуға себін тигізеді. Сонымен қатар іске қосылатын немесе жаңартылатын кәсіпорындардың өнімдері экспортқа қабілетті, жоғары сапалы болуы керек. Соңғы екі-үш жылдың ішінде жүзеге асқан инвестициялық жобалардың барлығы осы бағытта. Мысалы, бір кездері облыста өсімдік майының жетіспеушілігі туындаған болатын. Енді қазір Теректі ауданы Пойма ауылында жұмыс істеп тұрған өсімдік майын шығаратын зауыт Еуропаның соңғы стандарттарына сай келетін құралдармен жабдықталған. Жылына 7,5 мың тонна май шығарады. Бұл зауыт толыққанды жұмыс жасағанда 4,5 мың тонна болатын ішкі қажеттілігімізді түгел жауып, өнімді көрші облыстарға экспорттауға мүмкіншілік береді. Ұн тартатын екі диірмен іске қосылды. Соның бірі - «Бюллер» фирмасының технологиясына негізделген, тәулігіне 150 тонна ұн тартатын кәсіпорын. Қолға алынған тағы бір бастама - жылыжайлар салу. Бұндағы негізгі мақсат - жылдың барлық мезгілінде облыс халқын көкөніспен қамтамасыз ету. Үлкен жобалардың бірі - «Ақас» шаруа қожалығында жүзеге асқан тауарлы сүт фермасы. Сондай-ақ Зеленов ауданы Янайкин ауылындағы 8640 басқа есептелген мал бордақылау кешені. Мұндағы Германия, АҚШ, Голландия елдерінен алынған құрал-жабдықтар жоғары сапалы ет өндіріп, талапқа сай экспорттауға жол ашады. Бұған қоса биыл жүзеге асатын тағы бірнеше жобаны аййтуға болады. Мысалы, өңірге құс етінің импортын тоқтату мақсатында жылына бес мың тонна құс етін өндіре­тін фабрика салынғалы жатыр. Сонымен қатар 12 мың басқа есептелген шошқа бордақылау кешенінің жобасы іске асырылуда. Жылыжайлар салу биыл да жалғасын таппақшы.

Ауыл шаруашылығын дамыту жергілікті тұрғындар күшімен жүзеге асады. Сондықтан ауыр еңбектің ыстық-суығына төзетін ауыл адамының әлеуметтік жағдайын ойлауымыз керек. Бұл бағытта да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы - облыстағы соңғы екі-үш жылда үлкен қарқынмен жүргізіліп отырған ауылдық аумақтарды газдандыру мәселесі. Өткен жылдың өзінде Қаратөбе, Теректі, Сырым аудандарына табиғи газ жетті. Алдыңғы жылы Ресеймен шектесетін ең шалғай аудан Бөкей ордасына газ барды. Көгілдір отын тек ау­дан орталықтарына емес, өз кезегімен ауылдарға да жетіп жатыр. Бұл агроөндірістің өркендеуіне тікелей әсерін тигізеді, ауыл­дағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Елді мекендердегі мектептер түгелдей дерлік жөндеуден өтті. Ауыл балаларының жақсы білім алуына жағ­дай туғызылды. Балабақшалар көп­теп бой көтеруде. Ауыз су мәселесінде әлі де болса қиындық туғызатын жерлер бар. Бұлардың бірқатары күні кеше қабылданған «Ақбұлақ» мемлекеттік ауыз су бағдарламасына кірді.

-Қазақстанның Кеден одағына кіруі ауыл шаруа­шылығына қаншалықты дәрежеде әсер етеді, ұтарымыз қандай? Көрші­лерге нендей тауарлар ұсына аламыз?

-Кеден одағына кірумен өнімдеріміз­ді экспорттауда, ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа технологиялар енгізуде, көрші елдермен жалпы қарым-қатынаста жаңа мүмкіндіктердің ашыларына сенеміз. Бір ғана мысал, өткен жылдың қорытынды көрсеткіші бойынша Кеден одағына кіретін елдерге экспортымыз 40 пайызға артқан. Облыста экспортқа шығаратын ет өнімдері малдәрігерлік талаптарға сай, сапалы болу үшін аудандарда мал соя­тын орындарды салу, малдәрігерлік қызметті жолға қою жанданып келеді. Сонымен қатар бұл бағытта негізгі үміт артарымыз - облыста іске қосылып жатқан мал бордақылау кешендері. Өткен жылы «Жайық ет» кәсіпорны халал стандартына сәйкес ірі қара, жылқы малын соятын жалпы құны 240 млн. теңгенің жобасын іске қосты. «Кублей» ЖШС жылына 25 млн. дана ет қалбырларын шығарады. Бұл Қазақстан бойынша шығарылатын осы өнімнің жартысынан артық. Қазіргі уақытта бізбен көршілес Ресей облыс­тарынан, басқа да аймақтардан сұра­ныс түсіп жатыр.

-Табиғаттың қай кезде қандай тосын мінез танытары шаруаға беймәлім. Қуаңшылық жағдайында шығынды азайтуға қатысты қандай шаралар қолданылмақ?

-Ауыл шаруашылығының жетістіктері ауа райы жағдайымен де тығыз байланысты. Мысалы, соңғы екі жылда қуаңшылыққа байланысты ауыл шаруашылығы үлкен қиыншылықтарға кездесті. Былтыр егістіктің 60 пайызы күйіп кетті. Соңғы кезде бұл мәселе аудан басшылары, жалпы тауар өндіруші­лер арасында өткір талқыланып келеді. Енді жаздық дақылдар, соның ішінде бидайдың негізгі көлемін азайтып, күздік дақылдар егуге бағыт алуымыз керек. Сонымен қатар қуаңшылыққа төтеп беретін ыл­ғал сақтау технологиясын қолдану шарт. Ол үшін осы заманғы техника қажет. Бұл бағытта шаруалар «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы соңғы кездері техникаларын жаңартуда. Мысалы, майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салдық. Енді оны жыл сайын шикізатпен өзіміз қамтамасыз етіп отыруымыз керек. Сондықтан майлы дақылдар алқабын алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі жарым есеге ұлғайтып отырмыз.

-Аграрлық бағытта мамандық алған жастарымыздың көбі басқа салаларда еңбек етсе, енді біреулері мүлдем жұмыссыз. Мүмкін бұл сала­ға да маңызы «Дипломмен - ауылға» бағдарламасынан кем түспейтін мем­лекеттік жоба қарастыру қажет болар...

-Бұл мәселені көтеріп жүрміз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі де Үкіметтің алдына мәселе етіп қойғанын білеміз. Қазір әртүрлі жеңілдіктер­мен әлеумет­тік сала мамандарымен қоса малдәрі­гер­лік саланы да қамту қаралуда. Бі­рінші­ден, білімді кадр қай уақытта да өз орнын табады. Екіншіден, жастарға да кәсіпкерлікпен айналысуға толық мүмкіндік туады. Өйткені ет өнімдерін экспорттау мақсатында қа­былданған бағдарламада ауыл адамдарына кәсіппен айналысуға жаңа не­сиелер берілмек. Соның ішінде «Сы­баға» деген несие түрі бар. Бұл мал өсіремін деген шаруаға ғана беріледі әрі тиімді несие.

-Енді өңір ауыл шаруа­шылығындағы түйткілді мәселелер деп нені айтар едіңіз?

-Саланың шешімін таппай келе жатқан мәселелерінің бірі - тері мен жүнді кәдеге асыру. Шикізаттың бұл түрі далада қалып жатыр. Тері, жүн өңдейтін кәсіпорындар мүлдем жоқ десе де болады. Мемлекет тарапынан қазіргі уақыт­та жүнге демеуқаржы беріледі. Бірақ биязы жүнге ғана. Ал біздің облыста өсірілетіні қазақы, еділбай қылшық жүнді қой­лары. Мұндай қылшық жүнге көршілерден де сұраныс болмай отыр. Осы бағыт­та дамыған түрік, иран кәсіпкерлерімен кездесіп, мәселені шешуге қадам жасап жүрміз. Ауылдық жерлерде киіз басылып, көрпе жасалады. Бірақ бұл ауыз толтырып айтарлық көрсеткіш­ке келмейді. Облыстағы «Аяз» кәсіпорны жақсы байпақ шығарады. Алайда ол байпақты өткізу үшін нарықтағы өзінің тиісті бағасы қа­жет. Бұл ауылдық жерлерде, аудан әкімдерінің есептерінде өткір айты­лып жүрген мәселе. Дәл қазіргі уақыт­та Қытай кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізудеміз. Қалай болғанда да, түбі бір шешімін табары анық.

Қорыта айтқанда, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Ендігі мақсат - сол мүмкіндікті пайдалана білу.