Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 24 млрд. теңгеге жуық субсидия бөлінеді

АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 24 млрд. теңгеге жуық субсидия бөлінеді.
None
None
Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевпен өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Биылғы жылы субсидия бірнеше бағытта төленетін болады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығына қатысты әр дақылға жеке-жеке норма бекітіліп отыр. Сондай-ақ, биыл мемлекеттік субсидия көмек ретінде ғана емес, жаңа технологияларға көшушілерді ынталандыру үшін де беріледі. Қазіргі күні субсидия беру тәртібі, оның ішінде өсімдік дақылдарына берілетін субсидия нормалары мен оларды облыстарға тарату жұмыстары бекітілді. Қаржы нарығындағы түрлі қиындықтарға қарамастан, егін шаруашылығы саласына бағытталған мемлекеттік қолдаудың биылғы мөлшері өткен жылғы деңгейде қалдырылып отыр», деді А. Евниев. Вице-министрдің айтуынша, биылғы субсидия барысында, бір жағынан тауар өндірушілерге қолдау жасалса, екінші жағынан отандық химия өндірісіне қаржылық демеу көрсетіледі. Мәселен, осы саладағы Қазақстанның минералдық тыңайтқыштар өндіретін негізгі зауыттары болып табылатын «Қазфосфат», «Қазазот» секілді кәсіпорындарға субсидиялар қарастырылады. «Осылайша, біз Елбасының химия өндірісін дамыту туралы жүктеген тапсырмасын орындай отырып, тек қана Қазақстанда шығарылатын минералдық тыңайтқыштарға ғана субсидия бөлетін боламыз», деді А. Евниев.
Соңғы жаңалықтар