Ауыл шаруашылығын дамыту - ауқымды міндет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экономикасының маңызды секторларының бірі агроөнеркәсіп саласы екені анық. Себебі, дархан даламыздың құнарлы топырағы мол әрі сапалы өнім беріп, эспорт есебінен ел экономикасына әкелетін түсімді де молайтады.
Сонымен бірге, қазіргі әлемдік шикізат нарығы құлдырап бара жатқан дағдарыс жағдайында Қазақстан үшін ең дұрысы ауылшаруашылық саласын дамыту.
Әлемдегі астықты державалардың бірінен саналатын еліміздің осы тұрғыдағы рөлін орнықты ету, сала мүмкіндіктерін еселей түсу үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалып келеді. Биыл да бітік егін өсіру үшін барлық күш-жігер жұмылдырылды. Мемлекеттік қолдауға қатысты айтар болсақ, үш облысты қоса алғанда тек берілген субсидияның өзі 135 миллиард теңгені құрайды. Салаға келген инвестиция көлемі екі еседен астам ұлғайып, 173,3 миллиард теңгеге жеткен.
Жалпы, биыл еліміз бойынша 21,2 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар себілген. Оның 14 миллион гектары бидай, 2 миллион гектары майлы дақылдар, ал 425 мың гектары бау-бақша өнімдері. Міне, диқан қауымы алдындағы қазіргі таңдағы басты міндет - осынау қыруар егінді ысырап қылмай, уақытында жинап алу.
Бүгінде ішкі астық бағасының әлемдегі бағадан айырмашылығы жоқ. Бұл егін орағын ойдағыдай өткізіп, табыс табуға ұмтылдыратын жақсы мүмкіндік десе болады. Биыл құрғақшылықтың салдарынан батыс облыстарда егін жөнді шықпады. Сондықтан астықты өңірлерге жүктеліп отырған міндет ауқымды. Осы тұрғыда астық өсірушілердің жауапты міндет үддесінен көрініп, маңдай термен өсірілген егінді жауын-шашынға қалдырмай жинап алуы үшін барлық қажеттіліктер қамтамасыз етілген. Яғни техника атаулы талапқа сай, жанар-жағар май жеткілікті. Орақ науқанындағы негізгі күш - астық комбайндарының 99 пайызы дерлік егін жинауға дайын. Мамандардың болжауы бойынша, биыл елімізде жалпы астық түсімі 17,3 миллион тоннаны құрауы тиіс. Гектар шығымдылығы орташа есеппен 11,7 центнерден айналады деп күтілуде. Жиналатын осынау мол өнімнің орынды сақталуын қамтамасыз ету - жауапкершілігі зор міндеттің басты бірі. Бұл ретте жаңа егіннің астығын бір дәнін де жоғалтпай, талапқа сай сақтау үшін тиісті шаралардың бәрі қарастырылған. Астық экспортына келсек, Елбасының Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары және онда қол жеткен уағдаластықтарға байланысты жаңа бағытқа жол ашыла түспекші. Яғни енді бұл елге біздің бидай экспорты ұлғая түспек. Мал басы өсіп отыр. Бұл мал шаруашылығында ауқымды жобалардың қолға алынуымен көп байланысты. Жаңадан ұйымдастырылған товарлы сүт фермалары мен бордақылау алаңдарында мал табындары 2,5 есе ұлғайса, құс атаулыда да айтарлықтай өсім бар. Мал басының өсуіне орай биыл жемшөптің де берік қоры жасалды, қазір дайындалған пішен - 18,8 миллион тонна. ҚР Ауылшаруашылық министрі А.Мамытбеков етті экспорттау бағдарламасы жолға қойылғандығын, құс шаруашылығындағы жағдайдың жақсара түскендігін, мал дәрігерлік салада жағдай тұрақты екендігін мәлімдеген болатын. Ауыл шаруашылығындағы осындай жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қыркүйек айында егінді аймаққа жасаған сапарында еліміздің ауылшаруашылық саласын әлі де дамыта түсу керектігін айтқан болатын. «Соңғы уақытта мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Дегенмен, аграрлық сектор әлі экономиканы әртараптандырудың тірегіне айнала қойған жоқ. Бұл еңбек өнімділігін дамыту саласындағы үлкен резервке, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін кеңейтуге, салаға сыртқы инвестицияларды тартуға қатысты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты үшін еліміздің әлеуеті зор. Көрші елдердің Қазақстан өнімдеріне сұранысының әлеуеті 210 миллиард теңге болады, біз мұндай мөлшерді қамтамасыз ете аламыз.