Ауыл шаруашылығының берекесі суармалы жерлерді қолдауда болып отыр
А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Дағдарыс кезеңінде мемлекет тарапынан баса назар аударылған саланың бірі ауыл шаруашылығы болып отыр. Елбасының тапсырмасымен 2009 жылы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан қосымша 1 млрд. доллар бөлінсе, бұның негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға, елдегі азық-түлік тұрақтылығын сақтауға
бағытталды. Көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім уақытында шаруаларға қаржылық демеу жасалды. Үдемелі инновациялық-индустриялық бағдарламаға қатысты ең басымдық берілген сала да осы ауыл шаруашылығы болып отыр. Осыған орай, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін инновациялық негізде индустрияландырып, алға дамытуды алдағы бесжылдықтың басты міндеті етіп белгіледі. Бұның сыртында бюджет қаражаты да жыл сайын осы салаға артпаса, кеміп отырған жоқ. Ендігі күнгі басты мәселе осыншама қыруар қаражатты ұқсатып, тиімді пайдалану болып отыр. Яғни, дамыған елдердегі секілді мемлекеттік субсидиялау тетігін одан сайын жетілдіру, оның тиімділігін, нәтижеге бағдарлануын барынша жақсарту секілді шаралар атқарылуы шарт.
Азық-түлік қауіпсіздігі осындай мемлекеттік ауқымды қолдаудың нәтижесінде ғана мығым болмақ. Дегенмен де, бұндай қауіпсіздікті бүтіндеу ісі бірден біте қоятын, жолға түсетін жұмыс емес екендігі де түсінікті. Өйткені Кеңес одағы ыдырағаннан бері қарай Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы әлі күнге өз деңгейіне көтеріле алған жоқ. Тіпті, даму көкжиектері көріне бастаған жылдары «енді қазаққа мал бағу керек емес, оны баққаннан гөрі, сыртан сатып алған арзанға шығады», делінген кереғар пікірлердің де болғаны рас. Бұның ақыр аяғы ауыл шаруашылығы саласын құлдыратуға дейін жеткізді. Ауылға ат басын бұрып, «Ауыл жылы» деп жарияланған жылдары да еліміздің аграрлық саласы тың серпінмен дамуға бет алмағаны да қазір білініп отыр. Бірақ сол жылдары да қаржы аз бөлінбеп еді ғой. Сонда басты себеп қаржы бөлуде ғана емес, оның тиімді жұмсалуында екен.
Яғни, қаржының жеткілікті бөлінуінен басқа, оның тиімділігін, яғни тиімді бағытқа жұмсалуын анықтай түсіп, жұмсалған мол қаржының да нәтижелілігін сезіну міндеті тұр. Қазынадан жұмсалған әрбір тиын теңге болып қайта құйылғанда ғана «Азық-түлік қауіпсіздігіміз берік, аграрлы Қазақстанбыз», деп айтуымызға болады. Ал бұл үшін агроөнеркәсіп кешеніндегі ең тиімді әрі қайтарымы мол салаға қаржыны толық қамдау, қазіргі күнгі жетістіктерге арқа сүйемей, болашаққа берік жол салу керек-ақ.
Осындай назар аудартуды қажет ететін әрі кейінге ысырмай бүгін қолға алатын саланың бірі ретінде суармалы егіншілікті атауға болады. Дәл осы мәселені кешегі күні Парламент Сенатында үшжылдық бюджет жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов та көтерген болатын. Ауыл шаруашылығы саласын бес саусақтай білетін сенатордың Үкіметке қаратып айтқан ұсыныстары да орынды болып отыр. «Қазақстанның құрғақшылығы жағдайында суармалы жерлерде жыл сайын, тұрақты түрде кепілді, сапалы мол өнім алуға болады. Ылғалдық қамту бар, жұмыс қолы да жеткілікті. Еліміз үшін аса қажетті әрі шетелден әкелінетін қант, жеміс-жидек, өсімдік майы, мал азығы мен құрама жемге қажетті соя, жүгері дақылдарын да осы суармалы жерлерден өндіруге болады. Алайда, бүгінгі таңда республикадағы суармалы жерлердің жағдайы сын өтермей отыр. Соңғы жылдары суармалы жерлердің гидромелиоративтік желілерін пайдалану, жөндеу жұмыстары уақытында жүргізілмегендіктен, мыңдаған гектар құнарлы жерлер тұзданып, батпақтанып істен шығып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 900 мың гектар жер немесе суармалы жерлердің 40 пайызы пайдаланылмай құр жатыр екен. Ал пайдаланып жүрген жердің тұздануы мен сорлануы да үдей түсіп, ондағы өнімділік 1,5-2 есеге төмендеген. Егер бұл жерлерді айналымға қосатын болсақ, оларды тиімді пайдалану есебінен 200-250 млрд. теңгеге дейін халыққа қажетті көлемдегі азық-түліктерді өз жерімізде өндірген болар едік», деді Қ. Айтаханов.
Бұл ретте сенатор суармалы жерлерді тиімді пайдалану жолдарын қарастыратын арнайы заң қабылдау қажеттігін алға тартады. Ал жаңағы пайдаланылмай жатқан 900 мың гектар жерді айналымға қосу үшін мемлекет тарапына инвестиция мен жеңілдетілген несиелер қаралса игі. Сенатордың сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығындағы суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін оны екі бөлікке жіктеп, қамқорлыққа алу қажет. Оның бірі айналымнан шығып кеткен жерлерді орнына келтіру үшін инвестиция салу болса, екінші жағынан қолданыстағы жерлерге субсидия тарту қажет. «Шындығында, жерге егетін тұқымы мен жанар-жағармайға қаржы таппай отырған шаруаның қалтасы жерді күтіп-баптауды көтере бермейді. Қолданыстағы жерді тегістеуге, арықтарды, тік және көлденең қашыртқыларды, су кәріздерін тазартуға арнайы қаржы болмаса, оны атқару қиынға соғады. Ал бұлай кете берсе, Қазақстан жыл сайын шұрайлы жерлерінен біртіндеп айырыла бастайды», деді сенатор.
Шындығында, қазіргі суармалы жер тек қана азық-түлік дақылдарын өндіру үшін ғана емес, сол жерлерде орналасқан республика халқының 40 пайызының тіршілігін қолдаумен, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен өлшенуі тиіс секілді. Сондықтан да, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту, ауылдағы ағайынның тұрмысына да әсер ететіні сөзсіз. Ал ауылды көтермей, ел экономикасы мен халықтың тұрмысын көтеру де қиын екендігі түсінікті.
Ал субсидия мәселесін ретке келтіруге Үкіметтің өзі бастама көтеріп отырғаны белгілі. Ал ондай мәселеде де ауыл шаруашылығының әр саласына қатысты тыңғылықты зерттеу жүргізілсе игі. Өйткені биылғы жылы дәл осы субсидиялауға, оның тиімділігіне қатысты біршама проблемалар да туындаған болатын. Атап айтқанда, ең алдымен диқандарға субсидия мен несие беруде біршама олқылықтар байқалған еді. Мәселен, ағымдағы жылы көктемгі егін жұмыстарына бөлінген субсидияның, жеңілдетілген несие қаржының 95 пайызы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарына беріліпті. Ал республикамыздың қалған 11 облыстарына, яғни республика халқының 80 пайызы тұратын өңірлерге 6-ақ пайыз субсидия бөлінген екен. Жалпы, бюджеттің қаражаты болғандықтан, несиенің республика аумағында біркелкі таратылуы, әрбір шаруа қожалықтарының бұған қолжетімділігі болуы қажет. Екіншіден, оңтүстікте теріскейге қарағанда көктемгі дала жұмыстары ақпан, наурыз айларында ерте кезден-ақ басталып кететіні анық. Ал Үкімет бұндай жұмыстарға қатысты субсидия беру мәселесін тек мамыр, шілде айларында ғана шешеді. Осындай келеңсіздіктер ауыл шаруашылығы саласын қолдауда әлі де жан-жақтылықты қажет ететінін көрсетеді.