Ауыл тұрғыны үш адамды аман алып қалды - БҚО
ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - 19 қаңтар күні сағат 17.00-дер шамасында Сырым ауданы Жосалы ауылдық округіндегі «Жанғожа» шаруа қожалығының жетекшісі Серікбай Закаринге суыт хабар түсті.
Онда ауылдан он шақырымдай жерде аязды боранға ұшырап, шанаға жеккен аттары әбден болдырып, өздері тоңған үш адамның ауыр халі айтылды. Жолаушылар Шыңғырлаудың Қарағаш ауылынан шығыпты.
Журналист Мүсірбек Айташевтің айтуынша, хабарды ести сала Серікбай Закарин жедел жылы киініп алып, қорада тұрған әлді де тың атына міне сала, ауылдан 10 шақырымдай жерде орналасқан «Әзтөбе» нүктесіне аттанды.
Күн болса қар жауып, төңірек ақтүтек боранға ұласқан. Төңіректі барлап, қараудың өзі қиынға айналды. Дегенмен, кешкі сағат 18.30 шамасында өздері әбден жаураған, беттері домбыққан, қалжыраған қараағаштық үш адамды (біреуі 5 сыныптың оқушысы) Серікбай «Әзтөбе» нүктесінен тапты. Келген бойда Серікбай шаршап, қалжыраған, үстері суланған адамдарға алғашқы көмектерін көрсетіп, олардың айтулары бойынша Қарағаш ауылындағы азаматтарға ұялы байланыс арқылы хабарлап, көмек шақырды.
Көп кешікпей Қарағаш ауылынан да адамдар көмекке келді. Дүйсенбі күнге қараған шақта, яғни 20 қаңтар күні таңғы сағат 4-ке таяу кезде Серікбай өзінің атын шанаға жегіп, болдырған атты жетекке ала далада адасқан адамдарды отбасыларына аман-есен жеткізді.
Сөйтіп, Орал қаласында оқитын 5 сынып оқушысын көршілес Жосалы ауылына жеткізіп, қалаға жөнелтуді мақсат еткен қарағаштық азаматтар қайырымды азамат Серікбай Закариннің азаматтығы арқасында көлденең келген кесапаттан аман қалды.