Ауыл жастары арасында радиотехникаға зор қызығушылық бар - «Seimar Social Fund» білім беру бағдарламасы жарысының жеңімпазы

АЛМАТЫ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Радиотехника саласына қазір ауыл жастары да зор қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Альянс банк» АҚ-ы мен коммерциялық емес «Seimar Social Fund» ЖОО-ның оралман студенттері арасында жүргізілген дәстүрлі білім беру бағдарламасы жарысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде айтылды,

Ауыл жастары арасында радиотехникаға  зор  қызығушылық бар - «Seimar Social Fund»  білім беру бағдарламасы жарысының  жеңімпазы
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз Қытай Халық Республикасынан атажұртқа 2004 жылы көшіп келдік. Қазір әке-шешем Өскеменде тұрады. Өзім сол қаладағы физика-математика лицейінде 3 жыл оқып, мемлекеттік тестілеуден 115 балл жинадым. Анам медицина қызметкері болуымды қалаған болатын. Алайда бала кезден радиотехника саласына ерекше қызығатындықтан және өз күшіме сенгендіктен Алматыдағы Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетіне радиотехника мамандығына құжат тапсырып, мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Қазір осында 2-ші курста оқып жүрмін. Арманым - өз мамандығымды терең игеріп, теңізге тамған тамшыдай болса да халқыма пайдамды тигізу», - дейді Шарбат Қайдарбек. Оның айтуынша, қазір бұл оқу орнында 2-ші курста 118 студент радиотехника мамандығын игеріп жатыр. Оның төртеуі Қытайдан келген қандастарымыз. Жалпы бұл курста қыздар бен ұлдардың үлесі бірдей. Сондай-ақ студенттердің басым бөлігі - ауылдан келген жастар. «Бұрын көбіне қала жастары игеріп келген бұл мамандыққа қазір ауылдық жерде өте зор қызығушылық бар. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Өйткені қазір біздің елімізде телекоммуникация саласы аса жоғары қарқынмен дамып келе жатыр», - дейді «Альянс банк» АҚ мен коммерциялық емес «Seimar Social Fund» ЖОО-ның оралман студенттері арасында жүргізілген дәстүрлі білім беру бағдарламасында оқу үлгерімі жағынан 5 балдық көрсеткіштен 4,90 балл жинаған Шарбат Қайдарбек. Ол - қордың 120 мың теңге көлеміндегі сыйлығын жеңіп алған 20 студенттің арасында радиотехника мамандығын игеріп жатқан жалғыз адам.