«Ауылдағының ауызы сасық па?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 16 наурыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Біздің жұрттың жағымсыз қасиеттерінің бірі - жалпақшешейлік қой. Анаған да, мынаған да жалпақтаймыз да қаламыз. Қалың қандас бір дастарқан басында отырғанда үстерінен тілі бөлек әлдекім кіріп келсе барлығы шатып-бұтып, тілін бұрап соған түсінікті тілде сөйлей бастайды. Ешкім қинамай-ақ, еш мәжбүрсіз әбігерге түседі. Мұны кеңқолтық, дарқан мінезге жатқызудың өзі дарақылық шығар», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ауылдағының ауызы сасық па?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бүгінде шеттен келген маманға жергілікті жұмысшыға қарағанда бірнеше есе көп айлық төленуде. Мәселен, Қызылорда облысына қарасты Ақмешіттің астындағы қара алтын­ды қанып еміп жатқандардың бірі - «ПетроҚ­азақ­­­стан­ҚұмкөлРесорсиз» АҚ. Осы компанияда істейтін қазақстандық учаске шеберінің айлығы 315 200 теңге екен. «Қазіргі күнкөріспен өлшегенде тәуір ақша. Жап-жақсы өмір сүруге болады. Енді «шетелдік осындай маман қанша алады?» деп сұраңыз. Айтайық. 3 011 597 теңге. Айна­лайындар-ау, сонда шетелдік маманның басы мен қолы алтыннан құйылған ба? Біріне үш жүз мыңның айналасында, екіншісіне үш миллионнан жоғары айлық төлейтіндей қандай қажеттілік бар», - дейді мақала авторы.

Бес жыл бойы төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған әлемдік экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Дүние жүзінің білгір де білікті экономистері онымен күрестің тиімді жолын таба алмай титықтап бітті. Сарапшылардың пікірінше, нақты дауасы табылмай тұрған жаһандық дағдарыс биыл да ушыға түсетін сыңайлы. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Әлем экономикасы әлі тығырықта» деген тақырыппен берілген. «Ғалымдардың айтуынша, қазіргі дағдарыс салдарынан жаһандық эконо­миканың қозғаушы күші болып табылатын АҚШ пен Еуропалық одақ мемле­кеттерінің мүмкіндіктері сарқылып, зіл батпан жүк артылған үлкен құрамды орнына қозғалта алмайтын қауқарсыз локомотивке ұқсап қалған. Салыстырмалы түрде соңғы жылдары экономикалық дамудың алдыңғы қатарына шыққан Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресейдің әлемдік экономиканың дамуына жаңа қарқын беруге шамалары жетпейді. Сөй­тіп, дәл қазір жаһандық экономика тарта жөнелетін күш көлігі жоқ ырдуан арбадай изеңдеп, бір орында сықырлап тұр», - деп жазады басылым.

***

«Кеше ғана Қырғызстан Республикасында мемлекеттік құжаттар толтыруда орыс тілін қолдануға шектеу қойылғандығы туралы жазғанбыз. Енді айырқалпақты ағайындардың ауылынан тағы бір жағымды жаңалық жетті», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Қырғыздар қызу кірісті... тындырмаққа бір істі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуына қарағанда, ҚР үкіметінің 5 наурыздағы «Мем­лекеттік және муниципальды қызметкерлерді мемлекеттік тілге үйрету және іс қағаздарын мемлекеттік тілге аудару туралы» № 114 қаулысына сәйкес үкіметтегі қызметкерлерге тіл үйрету дәрістері басталды. Үкіметтің аппарат жетекшісі Нұрханбек Момыналиевтің айтуынша, тіл үйрену мен оқыту шараларына қолданылатын қосымша әдістемелік оқулықтар, сөздіктер жеткілікті. Сарапшылардың пікірінше де оқу құралдары туған тілін білуге ұмтылған немесе мемлекеттік тілдің мәртебесін түсірмеуге тырысқан қыз­меткерлер үшін жеткілікті.

Осы басылымның жазуынша, 2013 жылдың қаңтарында ғаламторда «Harlem Shake» атты түсініксіз құбылыс пайда болды. Осы жаңа би түріне еліткен Қарағанды мем­лекеттік техникалық университетінің бір топ студенті оқу ғимаратының ішінде ойран салғаны да есте. Жуырда ғана бұрнағы депутат һәм мемлекеттік қызметкер Бақыт Сыздықова өте қызық ұсыныс айтып, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Ол жоғарыда аталған университеттің жын-ойнақ салып, оқудан шығарылған 2 студентін қолдауға шақырған. «Бүйректен сирақ шы­ғарған» Сыздықова ханым шенеуніктерді жаппай «Harlem Shake» билеп, оқудан қуылған студенттерді қолдауға шақырды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көре­сің» деген осы шығар. Ойша елес­тетіп көрейікші, халықтың мұңын мұң­дап, жоғын жоқтайтын, ұлт десе бүйрегі бұрып тұратын депутат мырзалар мен ханымдар секеңдеп билеп тұрса, оны ғаламтор әлемге әйгілесе, Қазақстанның өзге елдердің алдындағы абыройы қандай болмақ? Әлде шенеуніктердің айналысар ісі, бас қатырар басқа мәселесі жоқ па?», - делінген «Бақсының биін Бақыт неге ұнатты?» деген тақырыптағы мақалада.

***

«Казахстанская правда» газетінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы, Қытай Коммунистік партия­сы Орталық комитетінің Бас хатшысы Си Цзиньпинге құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы С.Цзинь­пинді Бүкілқытайлық халық өкіл­дері жиналысы сессиясының сәт­ті өтуімен және Қытай Халық Рес­публикасының төрағасы лауазымына сайлануымен шын жүректен құттықтады. Қазақстан Президенті бұл оның басқарушылық тәжірибесінің мойындалуы, ҚХР халқының әл-ауқа­тын арттыру және Қытай коммунистік партиясын дамыту жөніндегі қызметінің нәтижесі болып табылатынын атап өтті. «Сіздің басшылығыңызбен партия Қытайды әлеуметтік-эконо­микалық дамудың жаңа беле­сіне көтеретініне және халықаралық аренада елдің беделін нығайтатынына сенімдімін», делінген жеделхатта.

Соңғы жаңалықтар