Ауылдасын өлтірген батысқазақстандық рақымшылықпен сот залынан босатылды
ОРАЛ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасы ауылдас танысын өлтірген сотталушының бас шарасын өзгертіп, сот залынан тұтқыннан босатты.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен Айжан Қапулованың хабарлағанындай, оқиға өткен жылдың күзінде Теректі ауданы Приречный ауылында болған. Ағайындылардың бірінің үйінде бас қосып, арақ ішу кезінде рөмкілестер арасында басталған кикілжің кісі өлімімен аяқталған.
Біраз отырыстан соң Б. есімді азамат үйіне кетпекші болып, аулаға шыққан кезінде ағайындының бірі артынан бірге ілесе шығып, екеуінің арасында қайтадан келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Б. екі қолымен соңғысының жағасынан ұстап, жерге жығып құлатып алып, оның үстінде отырып тыныштандырмақшы болып жерге сілкіп ұрып жатқан кезде, үйден ағайындының екіншісі шығып, жағдайды толығымен ұғынбастан, Б-ның басынан бір мәрте жұдырығымен ұрып жіберген. Алған соққыдан жерге құлаған Б-ны ағайындылар әбден соққыға жыққан. Ебін тауып, қалтасынан шаппа пышағын шығарып, бірінші біреуіне, сосын екіншісіне дене жарақатын салған. Ағайындының бірі алған дене жарақаттарының ауырлығына байланысты қайтыс болған. Болған оқиғадан кейін есін жиған көршісі ешкімді өлтіру ойында болмағанын айтып, кешірім сұраған.
Теректі аудандық соты Б-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 103 бабы 3-ші бөлімімен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы режимдегі тузеу колониясында өтеуге соттаған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасы сотталушының аудандық соттың шешіміне келтірген шағымын қарап, іс бойынша куәлардың барлығын, соның ішінде ауылдастарының қатысуымен істі қайта тыңдады.
Сот Б-ның іс-әрекеттерін заң тұрғысынан қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру ретінде қайта дәрежелеп, жеке басының мінездемелерін, оның бұрын сотталмағандығын, тұрғылықты жері бойынша жағымды мінездемелерін, төрт баласы барын, жәбірленушілерден кешірім сұрағанын ескеріп, бас бостандығынан айыру туралы ең төменгі шектегі жаза ретінде алты ай бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Сонымен қатар сот Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне орайластырылған Рақымшылық заңын қолданып, сотталушыны жазасынан босатты.