Ауылдық жердегі мемлекеттік қызметтің кадрлармен қамтамасыз етілуі алаңдаушылық туғызып отыр
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Мирболат Нұртазиннің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, өңірде кадрлардың жасы ұлғайғаны байқалады. Ауылдық округтер әкімдерінің жартысынан көбі - өздерінің саяси және экономикалық жағдайын нығайтып алған, бұрынғы кеңес номенклатурасынан шыққан партия қызметшілері немесе шаруашылық басшылары. Егер Батыс Казақстан облысының ауылдық округтерінде 2007 жылы мемлекеттiк кызметшiлердiң орташа жасы 43,5 жас болса, 2008 жылы бұл көрсеткiш 44,1, қазір 45-ке жетті.
Соның салдарынан кадрлар сабақтастығын жоғалту қаупi туындап келедi. Мұнымен қазiр айналыспаса, бiрнеше жылдан кейiн ауылдық жерлердi бiлiктi мамандармен қамтамасыз ету нағыз күрделі мәселеге айналады.
Әдетте, ауыл тұрғындары мемлекеттiк органдарга негiзiнен арыз-шағымдармен, арагiдiк ақпарат бiлуге келедi, ал өз ұсыныстарымен ешқашан бармайды. Белсенділік төмен болғандықтан, ауыл тұрғындарының арасында билік құрылымдарына сенбеушілік және күдікпен қарау факторларының орын алуы байқалады.
«Бұл жерде атқарушы билiк өкiлi және лауазымды тұлға ретiнде мемлекеттiк кызметшi өзiнiң барлық iс әрекетін мұқият бағамдап, сөзін де әбден кесiп-пiшiп барып айтуы қажет. Ол беделдi, сыйлы ақсақалдардың назарын өзiне аудара отырып, зейнеткерлiк демалыстағы бұрынғы партия, атқару органдары қызметкерлерi, қоғамдық пiкiр қалыптастыратын адамдар арасында беделге ие болуы тиiс. Ауылдық жердегi қазiргi мемлекеттiк қызметшi өзiнiң бiлiм деңгейiн үнемi жетiлдiрiп, техника мен компьютерді, жаңа байланыс құралдарын, Интернеттi пайдалана бiлуi керек», дейді М.Нұртазин.