«Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі 2011» жастар марафон-эстафетасының ресми салтанатты жабылуы Шымкентте өтеді
ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы 22 қазанда Шымкент қаласында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында
«Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі 2011» республикалық жастар марафон-эстафетасының ресми салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Салтанатты жабылу рәсіміне Парламент депутаттары, жастар ұйымдарының көшбасшылары, үздік сарбаздар, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының командирлері, еліміздің барлық аймақтарынан шақырылған марафон-эстафетаның белсенді қатысушылары, барлығы 2000-нан астам адам қатысады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» Марафон-эстафетасы» еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ең тамаша тарту» деп жоғары баға берген болатын. Соған орай, кең ауқымды акция барысында қоғамдық пайдалы қызметке белсенді тәлім алушы және еңбеккер жастар өкілдерінен жалпы саны 300 мың адам қатысты. 2500 саябақтар мен скверлер, 3000-ға жуық көшелер абаттандырылды, 250 нысан тұрғызылды, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық тұрғысындағы 4500 нысан қайта жөндеуден өткізілді», - делінген баспасөз айғағында.
Естеріңізге сала кетейік, ақтөбелік жастар бастамашы болған аталмыш шара 2010 жылы мамыр айында Ақтөбе қаласында басталған болатын. Ақтөбе облысының тәжірибесі алғашқы күннен бастап-ақ еліміздің барлық аймақтарына тарап, еліміздің елді-мекендерін көгалдандыру мен абаттандыру жөніндегі жастар қозғалысына айналды. Жастар марафонының негізгі мақсаты тек скверлер мен саябақтарды абаттандыру, тұрғын үй кешендері мен көшелерді көгалдандыру, алаңды жинау, әлеуметтік ғимараттарды жөндеу ғана емес, жас қазақстандық азаматтарға патриоттық тәрбие беру мен туған жердің келешегі үшін азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға негіз болды. Ал 2011 жылғы 18 наурызда «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» жастар марафоны аясында «Қазақстан Республикасының 20 жылдығына 20 екпінді еңбек апталығы» ұранымен отансүйгіштікке негізделген қазақстандық жастардың күшін ел игілігі үшін жұмсау, азаматтық сана-сезімін қалыптастыру мақсатындағы екінші жұмыс маусымы басталған болатын.