«Ауылдың жұлдызы жанған жыл» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған еліміздің агроөнеркәсіп қызметкерлерінің республикалық форумы болып өтті. Оның жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Ауылдың жұлдызы жанған жыл» деген тақырыппен берілді. Форумды қорытындылаған Елбасы: «Кеңес одағынан бізге ауыртпалығы мол, артта қалған ауыл шаруашылығы мұра болып қалды. Азаттықтың алғашқы жылдарында да ауыл алапат дағдарыстарды бастан өткерді. Малдың басы азайды, жерді игеру тоқтап қалды. Дегенмен, сол қиындықтарды жеңіп, ауқымды жаңғыртулар арқылы біз ауыл шаруашылығын қарыштатып, дамыта алдық. Біз жасампаз жиырма жылда ауылдың еңсесін тіктеп, агроөнеркәсіпті өрге сүйредік», - деп атап өткен.
«Кеше Алматыда «Қазақстан» атты монументті-мүсіндік композиция ашылды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Елдің ерен ескерткіші» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта «екі қанатын» керген ескерткіш қола мен граниттен және мәрмәр тастан жасалған. Композиция ортасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің еңселі мүсіні бар. Қос қанатта Астана мен Алматы бейнеленген.
***
Президент «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді қоғамды ізгілендіруге қатысты қандай өзгерістер болуы мүмкін? Міне осы мәселер турасында «Айқын» газетіне Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Құқықтық кеңес мүшесі Серік Темірболатов өз пікірін білдірген. «Осы заң арқылы тәрбиелеу колонияларындағы жастары кәмелетке толмаған сотталғандардың да жағдайы жеңілдетіліп отыр. Олар азық-түлік, ең алғашқы қажетті заттарды алу үшін бұрынғы бес айлық есептік көрсеткіштің орнына жеті айлық көрсеткіш көлемінде есепшоттарындағы қаржыдан жұмсай алады. Бір жылдағы қысқа мерзімдік кездесулері сегіз ретке, ұзақ кездесулері төртке дейін ұзартылды», - дейді ол. Мақала «Қылмыстық жаза қалай ізгілендіріледі?» деген тақырыппен берілген.
«Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының бесінші күні қазақстандықтар арасынан Ирина Некрасова мен Жазира Жапарқұл жарыс жолына шықты. Біз айтулы спортшыларға зор сенім арттық. Өйткені бұған дейін Парижде екі жерлесіміз ғана бақ сынап, екеуінің де қанжығасы майланған болатын. Алғашында Зүлфия Чиншанло алтыннан алқа тағынса, іле-шала Майя Манеза күміс медальді мойнына ілді. Сол жеңісті жолды 69 келі салмақ дәрежесіндегі Ирина мен Жазира жалғастыратын шығар деп үміттендік», - деп жазады «Айқын» газеті. Еуропа төрінде өтіп жатқан байрақты бәсеке жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның түгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебекті қабылдады. Кездесу барысында этникалық қатынастар мен аз ұлттар құқығын қорғауды үйлестіру саласындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселесі талқыланды. ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының ұсынысын ескере отырып, Қазақстанда соңғы жылдары қоғамды одан әрі топтастыруға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылының тиімді жүйесін құруға, аз ұлттар тілдерінде білім жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар жобалар іске асырылғаны атап өтілді.