«Ауылға бөлінген миллиардтар келімсектердің қалтасына кетіп жатыр ма?» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 1 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары Асқар Бөлдешов пен оның кәсіпкер досы Талғат Жұмаханов екеуі 200 миллон теңге көлеміндегі бюджет ақшасын ың-шыңсыз бөліп ала салмақ болыпты. Сол үшін айыптылар орындығына отырып, өздеріне қатысты соттың алғашқы процесін бастан өткізіп үлгерді. «Асқар Бөлдешов бұған дейін әлеует құрылымдарына азық-түлік жеткізумен айналысып келген өзінің жақын досы Талғат Жұмахановқа тиесілі «RG Trade» компаниясын мемлекеттік сатып алуға қатыстырыпты. Бір қызығы, әскери техникадан мақұрым фирма Алматы облысы Боралдай кентіндегі қазақ әуе қорғанысының негізгі күші С-300 зенитті-зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер жеткізуі тиіс болған. Кейін әкелінген құрал-сайман жарамсыз болып шықты. Оны орнатқанда зымырандар ұшуға жарамай, ал радиолокациялық станса шекара бұзған бірде-бір ұшақты таба алмас еді», - деп жазады басылым.
Кеше Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев 14-26 қазан күндері Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан ұлттық құрама командасының боксшыларымен және жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Боксшылар сыйақы алды» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, кездесуде Федерация басшысы әлем чемпионатының тиісті деңгейде өткенін айтты. Осыған орай елімізде алғаш рет өткен әлемдік доданы ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға, соның ішінде Бокс федерациясының қызметкерлеріне алғыс сезімін жеткізді. Одан әрі ұлттық құраманың көрсеткен өнеріне жақсы баға беретінін, чемпионатта былғары қолғап шеберлеріміз өзіне жүктелген міндетті толығымен орындап шыққанын атап өтті.
***
Жақында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы қазақстандық келіссөзшілерді қатаң сынға алғаны мәлім. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында жақсы идеяны жарға жығып жүрген біліксіз келіссөзшілерге қатысты біраз сыр мәлім болды. Осы отырыста, сондай-ақ Кеден одағындағы Қазақстанға қатысты қалыптасқан жағдай ашық айтылды. Бұл жайында «Айқын» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген «Кеден одағы: Таразы басы тең емес» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Сенаторлардың айтуынша, Мәскеуге келіссөз өткізуге Қазақстаннан өрімдей жас жігіттер аттанады (өйткені елімізде орынбасарлар мен вице-министрлер негізінен жас). Оларға қарсы нән сағатты Кремль «сен тұр, мен атайын!» дейтін азулы жүздеген экспертті шығарады екен. Беларусьтан сонау Кеңес кезінен әбден ысылған, көпті көрген тұлғалар келеді. Содан жабық есіктің ар жағында өтетін жиындарда ресейлік төрағалар күмілжіген қазақстандық тәжірибесіз келіссөзшілерге теңі ретінде емес, қол астындағы қызметкердей қарайды деседі. Әрине, тіптен ынжық болмаса, Қазақстанның мүддесіне қайшы келетін шешім қабылданғалы отырғанын көргенде, «жоқ» деп, қарсы дауыс беруге қауқары жетер? Бірақ бұл жеткіліксіз екен. Қарсы дәлел-дәйектеме келтіріп, сөзін өткізу талап етіледі.
«Ел Үкіметінің кейінгі кездері ауыл шаруашылығына ерекше көңілі түсіп, қазынадан миллиардтарды бөліп жатқандығы белгілі. Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылда тұратындықтан шатқаяқтаған шаруашылықты қалпына келтіру арқылы, тұрғындардың тұрмысын түзейміз деген игі мақсат шын мәнінде, күткен деңгейде орындалып жатқан жоқ сияқты. Өйткені елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөлгенін естігеннен кейін бе, әйтеуір дала жұмыстарын жалданып істеуге құмбыл келімсектердің саны күрт өскен. Ресми мәліметке сәйкес, маусымдық жұмыстар үшін елімізге бір жылдың өзінде 1 миллион көлемінде келімсек келген екен», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, мамандар заңсыз көші-қонның түбінде зардабы көп болатындығын ескертіп, барлығын тиісті шеңберде шешуге шақырады. Ол үшін алдымен шетелдік жұмыс күшін квоталаудың тәртібін білу қажет. Қазіргі кезде елімізде аталған мәселенің түйткілді тұстары тым көбейіп кеткендіктен, жұмыс берушілердің басым бөлігі мигранттарды жасырын жолмен немесе жалған құжат арқылы жеткізгенді жөн санайды. Квоталарды нормалау мен үлестіру үдерісінің ақпараттық жабықтығы, облыстық деңгейде фермерлерге іс жүзіндегі кеңес берудің жоқтығы істі қиындата түсуде. Сауалнамаға сай жауап берген қожалық жетекшілерінің 80 пайызы квота шарттарынан мүлде хабарсыз және өздері алдыртатын жұмыс күшін рәсімдеуге ешбір қатысқан емес. Мақала «Ауылға бөлінген миллиардтар келімсектердің қалтасына кетіп жатыр ма?» деген тақырыппен берілген.