Ауыр атлетикадан ӘЧ: Ресейлік зілтемірші 11 жыл ешкім өзгерте алмаған әлем рекордын жаңартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін АҚШ-тың Хьюстон қаласында аяқталған Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында әлем рекорды жаңартылды.
None
None

Бұған дейін өзге салмақтағы спортшылар да әлем рекордын жаңартқан болатын. Алайда, соңғы күнгі жаңа меженің орны бөлек болды.

Ерлер арасындағы 105 келіден жоғары салмақтағы спортшылар арасында өткен соңғы тартысты бәсекеде ресейлік Алексей Ловчев серпе көтеруде бұған дейін адам баласы көтеріп көрмеген 264 келіні бағындырып, әлем чемпиондығы атағымен бірге жаһандық рекордты жаңартты.

А.Ловчев жұлқа көтеруде 211 келіні ырқына көндірген еді. Екінші жаттығуын әуелі 242 келіден бастады. Одан кейін 248 келіні көтерген кезде, қарсыластары оған жете алмайтыны белгілі болды. Үшінші кезегінде 16 келі қосып, әлем рекордын жаңартуға бет алды. Және он сәтті орындап, әлемнің ең күші көп адамы атанды. Қос сайыс нәтижесі бойынша да 475 келіні бағындырып, жаңа әлем рекордын белгілеп берді.

Бұған дейін әлем рекорды Иранның алыбы, дүние жүзінің ең күшті атлеті болып аталған Хусейн Резазадеге тиесілі еді. Ол екі дүркін Олимпиада жеңімпазы, төрт мәрте әлемнің үздігі атанған. Үш дүркін Азия чемпионы, екі мәрте Азия ойындарының жеңімпазы болған. Ауыр атлетика тарихындағы танымал тұлға. 1978 жылы дүниеге келген, ұлты - әзірбайжан. Оның 2004 жылы қол жеткізген серпе көтерудегі рекорды, яғни, 263 келі зілтемірді осыған дейін қанша талпынса да, ешкім бағындыра алмаған еді.

26 жасар Ресей спортшысы әлем рекордын орнатқан бойда, Халықаралық Ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аянның өзі келіп құттықтағанын да көрермендер көрді.

Бұл жарысты қазақстандық көрермендер бүгін таңмен «Қазспорт» және «Еуроспорт» телеарналары арқылы тікелей эфирде тамашалады.

Айта кету керек, 2014 жылы Алматыда өткен әлем біріншілігінде Алексей Ловчев бірінші жаттығуында сәтсіздікке ұшыраған еді, ал серпе көтеруде 257 келіні көтерген болатын. Сөйтіп, кіші алтынға ие болғаны белгілі.

Айта кетейік, бұл әлем чемпионатында Қазақстан зілтеміршілері де жақсы нәтиже көрсетті. Еліміздің қоржынында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. Әуелі 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов көк байрағымызды биіктен желбіретіп, алтыннан алқа тақты. Екінші алтынды кеше 105 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Александр Зайчиков ел қоржынына салды. Сондай-ақ, ерлер арасында 94 келіге дейінгі салмақта Алмас Өтешев пен әйелдер арасында 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл күміс медальды еншілесе, 94 келіге дейінгі салмақта Жасұлан Қыдырбаев қола медаль алды.

Соңғы жаңалықтар