Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатына 72 елден 538 ауыр атлетші келді – Алматы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда спорт әлемінің маңызды оқиғаларының бірі - ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты басталды, деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатына 72 елден 538 ауыр атлетші келді – Алматы

Чемпионаттың салтанатты ашылуында ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, Алматы қ. әкімі А. Есімов, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті (IWF) Тамаш Аян, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Ж. Түсіпбеков жарыс қатысушылары мен көрермендерге құттықтау сөздерін жеткізді. Бұндай деңгейдегі жарыс кеңестен кейінгі кезеңде алғаш рет өткізіліп жатыр. Соңғы рет әлем чемпионаты ТМД елдерінде 1983 жылы Мәскеуде өткізілді.

Жарыс 16 қарашаға дейін созылмақшы. Спортшылар төрт топта: A, B, C, D жарысқа түседі. Чемпионаттың ерекшелігі 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына арналған лицензиялық мәртебесі. Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Спорттық жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының, сонымен бірге демеушілердің қолдауымен өткізіліп жатыр. Бұдан басқа, Алматы қаласының 260 жас тұрғындары еріктілер ретінде қатысады. Әлем жарысына 72 елден 538 ауыр атлетшілер, оның ішінде 223 әйел және 315 ер адам қатыспақшы. Бұл ерлер арасындағы ауыр атлетикадан 81-ші әлем чемпионаты және әйелдер арасында 24-ші. Әйелдер арасындағы алғашқы чемпионат 1987 жылы, ал ерлер арасында 1891 жылы өткізілген. 1998 жылдан ерлер 8 салмақ категориясында, ал әйелдер жеті салмақ категориясында жарысқа түседі, мұнда жалпы алғанда 135 медаль ойнатылады. 2013 жылы Вроцлав қаласында (Польша) өткен әлем чемпионатында жалпы командалық есепте Қазақстан алтыншы орынды иеленіп, 1 күміс (Алмас Утешов, 94 кг) мен 1 алтын (Владимир Седов, 94 кг) медальдарды иеленді. 2009 жылы Коян қаласында (Корея) өткен әлем чемпионатында Қазақстан ең көп алтынды жеңіп алды: тоғыз алтын, бір күміс және үш қола медальдар. Жалпы алғанда, Қазақстан Әлем чемпионаттарында 52 медальді, оның ішінде 24 алтын, 13 күміс пен 15 қола медальдарды жеңіп алған. 2012 жылы Лондонда (Ұлыбритания) өткен олимпиадада қазақстандық зілтеміршілер 15 мүмкіндіктің ішінен 4 алтынды қанжығаларына байлады. Елімізге алтын медальдарды Зульфия Чиншанло (53 кг), Майя Манеза (63 кг), Светлана Подобедова (75 кг) және Илья Ильин (94 кг) әкелді.