Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстанның әйгілі спортшылары сынға түседі

Атап айтқанда, 94 келіге дейінгі салмақта Әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев бақ сынайды. Сонымен бірге осы салмақта 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесінің иегері Алмас Өтешов те осы салмақта өнер көрсетеді. Ерлер арасындағы бәсеке түнгі сағат 01-00-де басталады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді деп күтілуде.
Сондай-ақ сағат 03-30-да 69 келі салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасында кімнің мықты екені айқындалатын тартысты жарыс басталмақ. Бұл додаға да Қазақстан атынан қос спортшы қатыспақшы. Олар - Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Әлемнің екі дүркін чемпионы Майя Манеза мен 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл.
Бұл жарысты да «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсететіні жоспарланған.
Аталған спортшыларымызға Қазақ елі үлкен сенім артып отыр. Ауыр атлеттерге сәттілік тілейміз.