Ауыз су бағдарламасын «Ақбұлақпен» алмастырғаннан не ұттық?

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Осыдан он бір жыл бұрын қабылданған ауыз су бағдарламасы аясында біз ауылдардың жартысын да жарылқаған жоқпыз. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов осылай айтты.

Ауыз су бағдарламасын «Ақбұлақпен» алмастырғаннан не ұттық?

Халық қалаулысы атап көрсеткендей, 2002 жылы «мың өліп, мың тірілген» ауыз су бағдарламасы қолға алынған болатын. Сол кезде оны іске асыру мақсатында ел қазынасынан 195 млрд. теңге бөлінді. «Бірақ ауыз су сол бағдарламаға кірген ауылдардың жартысына да жеткен жоқ. Құқық қорғау және қадағалау органдары анықтағандай, аталған бастамаға бөлінген қаржы тиімсіз пайдаланып, жергілікті шенеуніктердің тарапынан талан-таражға салынды», - дейді депутат. Мәселен, Ақтөбе облысындағы Хлебодаровка кенті облыс орталығына жақын тұрса да, ол жердің халқы әлі күнге дейін ауыз суға зәру болып отыр. Жалпы, Ақтөбе облысында ондай 30 елді мекен бар. Оған қоса, 6 ауылдың тұрғындары суды тасып ішеді. Депутаттың айтуынша, елімізде ауыз су мәселесінің шешілмей жатуына, көп жағдайда, сыбайлас жемқорлық себеп болып жатады. Конкурстар кезінде тек бір ұйымның мүддесі ғана ескерілгендіктен, құрылыс жұмыстары бір мердігерге беріледі. Ол болса, келісімшарт талаптарын еш орындамайды. Ал аудандық құрылыс және сәулет бөлімдері тапсырыс беруші ретінде оның бәрін қабылдап отырады. Сөйтіп, өз жұмысын сапасыз орындаған мердігерлердің сыбайласы екенін білдіріп қояды.

Айта кетейік, араға 9 жыл салып, яғни 2011 жылы Қазақстанда «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Алайда оның да біраз қаржысы талан-таражға салынды.