17:41, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
«Ауызсу» бағдарламасының талаптарын бұзғаны үшін бірқатар шенеуніктерге сөгіс жарияланды
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокурорлардың ықпалымен «Ауызсу» бағдарламасының талаптарын бұзған бірқатар шенеуніктер жауапқа тартылды.

Бұл мәселе жөнінде бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған апталық брифингте баяндап
берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бас прокуратура өкілдері осыған дейін «Ауызсу» бағдарламасы бойынша арнайы тексерулер жүрігізіп, оның нәтижесіне қатысты тиісті шара қолдану жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдандығын мәлім еткен болатын. «Бүгін біз осы ұсынысымызға үкіметтен нақты жауап алып отырмыз. Онда аталған мәселенің Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен арнайы мәжілісте қаралғандығы айтылған. Бұл мәселе бойынша Үкімет өкілдері арнайы іс-шаралар жоспарын да құрыпты. Бұған қоса олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы А.Рябцев пен оның орынбасары, Н.Каменевке сөгіс жарияланып, төрағаның орынбасары Н. Атшабаровтың қызметінен босатылғаны айтылған», дейді ресми өкіл. Оның сөзінше, аталғандармен қоса Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары орнынан алынып, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша және Жамбыл аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланған. Сондай-ақ Павлодар облысының Ертіс ауданына қарасты Байзақ және Тоқты ауылдық округтерінің әкімдері, Қарағанды облысының Долинка ауылының әкімі де сөгіс алған.