Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аванс, алдын ала төлем немесе бронь үшін төленген ақшаны қайтаруға бола ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда аванс, алдын ала төлем немесе бронь үшін төленген қаражатты барлық жағдайда бірдей қайтарып алу мүмкін емес. Бұл келісімшарт талаптарына, көрсетілетін қызметтің сипатына және одан бас тарту себебіне байланысты. Кейбір жағдайда тұтынушы ақшасын толық қайтарып алуға құқылы болса, кей жағдайда қызмет көрсетуші нақты расталған шығындарын немесе төлемнің бір бөлігін ұстап қалуы мүмкін.

Можно ли в Казахстане вернуть аванс, предоплату или деньги за бронь
Фото: Kazinform/ЖИ

Мейрамханадағы үстелге тапсырыс берілді, қонақ үйдегі бөлме үшін ақша алдын ала төленді немесе шебер алдағы жұмысы үшін қаражат алды. Алайда жоспар өзгеріп, клиент ақшасын қайтаруды сұрайды. Ал қызмет көрсетуші «бронь қайтарылмайды» деген уәжбен бас тартады. Мұндай жағдайда не істеу керек және қайда жүгінген жөн?

Ең алдымен төлемнің қандай шартпен енгізілгенін анықтау қажет. Мұнда төлемнің «аванс», «алдын ала төлем», «кепілақы» немесе «бронь» деп аталуынан гөрі, оның мақсаты мен тараптардың алдын ала келіскен шарттары маңызды. Бұл сома қызметтің жалпы құнына кіре ме, орындаушы қандай міндеттемелерді мойнына алды және тапсырыс күшін жойған жағдайда келісімде не көзделген – дәл осы жайттар шешуші рөл атқарады.

Алдын ала төлем талап ету заңды ма

Иә, бұл заңды талап. ҚР Азаматтық кодексінің 380-бабына сәйкес, тараптар қызмет көрсетілгенге дейін оның құнын ішінара немесе толық төлеуге келісе алады.

Кәсіпкер алдын ала төлеммен жұмыс істеуге құқылы, ал клиент бұл талаппен келісуге немесе басқа ұсынысты таңдауға ерікті.

Алдын ала төлемнің мөлшеріне қатысты заңда жалпы шектеу жоқ. Көпшілік заңда көрсетілген 30%-ды алдын ала төлемнің ең жоғары мөлшері деп қате түсінеді.

Негізінде бұл көрсеткіш тұтынушы шарт талаптарын орындамаған жағдайда қолданылатын айыппұлдың шекті мөлшеріне қатысты.

Ақша аударылғанға дейін клиентке төлемнің сомасы, мақсаты және тапсырыстан бас тарту тәртібі түсіндірілуі тиіс. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-1-бабына сәйкес, барлық талаптар нақты болуы қажет.

Егер «ақша қайтарылмайды» деген шарт тек кейін айтылса, ол алдын ала келісілген талап болып саналмайды.

Аванс пен алдын ала төлем

Аванс – болашақтағы төлемнің бір бөлігі ретінде алдын ала берілетін ақша. Егер қызмет көрсетілсе, ол соңғы есеп айырысу кезінде есепке алынады. Алдын ала төлем де осыған ұқсас, бірақ ол толық немесе ішінара болуы мүмкін.

ҚР Азаматтық кодексінің 686-бабына сәйкес, тапсырыс беруші қызметтен бас тартуға құқылы, алайда орындаушының нақты жұмсаған шығындарын өтеуге міндетті.

Мысалы, банкет үшін алдын ала төленген 50 мың теңгенің 12 мың теңгесі арнайы сатып алынған азық-түлікке жұмсалғаны құжатпен дәлелденсе, мейрамхана осы соманы ұстап қалып, қалған 38 мың теңгені қайтаруы тиіс.

Мұндай шығындар нақты сол тапсырысқа қатысты болуы және құжатпен расталуы қажет. «Басқа клиенттерден айырылдық» немесе «қонақ үй бөлмені басқа адамға бере алмады» деген секілді уәждер нақты шығын болып есептелмейді. Олар – тек болжалды табыс.

Тауарларға қатысты Азаматтық кодекстің 440-бабы күшінде.

Егер сатушы алдын ала төлем алып, тауарды уақытында бермесе, сатып алушы тауарды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Бұдан бөлек, аталған кодекстің 353-бабы бойынша өсімпұл есептелуі мүмкін.

Егер сатушы өз міндетін орындауға дайын болса, бірақ сатып алушы жай ғана ойынан айнып қалса, тауар берілгенге дейін кез келген сатып алудан бас тартуға заң автоматты түрде мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайда шарт талаптары мен қайтару қағидалары ескеріледі. Сапалы азық-түлікке жатпайтын тауарларды заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда 14 күн ішінде қайтаруға болады. Атап айтқанда, ол үшін «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-інші және 30-ыншы баптарындағы нормалар орындалуы керек.

Кепілақықайтарылмауымүмкін

Кепілақы (задаток) – болашақ төлемнің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін құрал.

Азаматтық кодекстің 337-бабына сәйкес, кепілақы туралы келісім қандай сома болса да міндетті түрде жазбаша рәсімделуі керек. Онда төлемнің кепілақы екені, қандай міндеттемені қамтамасыз ететіні және жауапкершілік қандай жағдайда туындайтыны көрсетілуі тиіс.

Бұл үшін қағаз түріндегі келісім міндетті емес. Кодекстің 152-бабына сәйкес, тараптарды және келісімнің мазмұнын анықтауға мүмкіндік беретін электрондық хат-хабарлар да жазбаша нысанға теңестіріледі. Алайда тек «бронь үшін» деген белгімен ақша аудару жеткіліксіз болуы мүмкін. Тараптардың мұны кепілақы ретінде мойындағанын растайтын толық хат алмасу болғаны жөн.

Азаматтық кодекстің 338-бабына сәйкес, егер мәміленің бұзылуына кепілақы берген тарап кінәлі болса, ақша қайтарылмайды. Егер кінә кепілақыны алған тараптан болса, ол соманы екі есе етіп қайтаруға міндетті. Ал тараптардың өзара келісімімен немесе олардың кінәсінсіз мәміле орындалмаса, кепілақы толық қайтарылады.

Бронь үшін төлемнің мәні қандай

Бронь – бұл бөлмені, үстелді немесе белгілі бір уақытты алдын ала резервтеу ғана, төлемнің жеке түрі емес. Егер төленген сома кейін қызметтің жалпы құнына есептелсе, бұл іс жүзінде алдын ала төлем болып саналады. Ал егер бронь үшін бөлек ақы келісілген болса, онда дау осы қызметтің нақты көрсетілген-көрсетілмегеніне байланысты шешіледі. Тапсырыс күші жойылғаннан кейін авансты «бронь қызметінің ақысы» деп өзгертуге болмайды.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-1-бабы бойынша, шарт бұзылғаннан кейін, көрсетілмеген тауар, жұмыс немесе қызмет үшін ақшаны қайтармауды көздейтін талаптар тұтынушының құқықтарын шектейтін норма болып есептеледі.

Сондай-ақ, тұтынушыдан өз міндеттемесін орындамағаны үшін қызмет құнының 30%-ынан артық мөлшерде төлем талап етуге тыйым салынады. Бұл ереже туристік қызмет көрсету мен қайтарылмайтын әуе билеттеріне қолданылмайды.

Заңда броньнан тегін бас тартуға болатын бірыңғай мерзім (мысалы, бір тәулік, үш күн немесе бір апта бұрын) белгіленбеген. Мұндай мерзімді тараптар өзара келісіммен анықтай алады. Бірақ кез келген жағдайда ақша ұстап қалудың заңды негізі болуы тиіс.

Сонымен қатар, тапсырыстан алдын ала бас тарту мен еш ескертусіз келмей қалу екі түрлі жағдай екенін есте ұстаған жөн. Егер клиент алдын ала хабарласа, әдетте тек нақты шығындар өтеледі. Ал Азаматтық кодекстің 685-бабына сәйкес, егер қызметтің көрсетілмеуіне тапсырыс беруші кінәлі болса, заңда немесе келісімде өзгеше шарттар болмаса, қызметтің толық құнын төлеуге міндеттелуі мүмкін. Дегенмен орындаушы қызмет көрсетуге толық дайын болғанын және оның орындалмай қалуына клиенттің өзі себеп болғанын дәлелдеуі тиіс.

Ерекше жағдайлар

Киім тігу, жиһаз жасау, торт пісіру немесе жеке тапсырыс бойынша басқа бұйым әзірлеу тұрмыстық мердігерлікке жатады.

Азаматтық кодекстің 641-бабы бойынша, тапсырыс беруші дайын өнім оған тапсырылғанға дейін шарттан бас тарта алады. Бірақ ол осы уақытқа дейін орындалған жұмыс пен нақты жұмсалған шығындарды өтеуге міндетті. Қалған қаражат қайтарылуы тиіс.

Туристік сапарларға қатысты «Туристік қызмет туралы» заңның 17-бабына сәйкес, саяхатшы сапар басталғанға дейін одан бас тарта алады. Бұл жағдайда ол бұрын көрсетілген қызметтер бойынша нақты шығындарды ғана өтейді. Туроператор сатып алынған әуе билеттері, қонақүй және басқа да шығындарды құжатпен негіздеуі қажет. Ал қонақүйден бөлмені тікелей броньдау автоматты түрде туристік шарт болып саналмайды.

Ақшаны қалай қайтаруға болады

Қызметтен бас тарту туралы өтінішті дереу жазбаша түрде жолдап, онда тапсырыстың деректерін, күнін, төленген соманы және қаражатты қайтаратын реквизиттерді көрсету қажет. Егер төлемнің бір бөлігі ұсталынса, оның есебін және шығынды растайтын құжаттарды талап еткен дұрыс. Сондай-ақ, чек, ақша аударымы туралы түбіртек, хат-хабарлар, броньды растау және төлем жасалған кездегі бас тарту шарттарын міндетті түрде сақтап қойған жөн.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-4-бабына сәйкес, кәсіпкер тұтынушының шағымына он күнтізбелік күн ішінде дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Бұл мерзім – тек жауап беру мерзімі екенін, ал ақшаны қайтарудың бірыңғай мерзімі емес екенін есте ұстаған жөн.

Егер кәсіпкер бас тартса немесе мүлде жауап бермесе, тұтынушы E-Өтініш жүйесі арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдануға, кейін қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге құқылы.

Айта кетейік, бұған дейін пәтер, телефон немесе көлік сапасыз жөнделсе, төленген ақшаны қалай қайтаруға болатынын жазғанбыз.