Австралия үкіметінің жүйесіне жасанды интеллект заңсыз кірген
АСТАНА. KAZINFORM — OpenAI компаниясының жасанды интеллекті Австралияның медициналық сақтандыру жүйесі туралы статистика жариялайтын мемлекеттік Medicare порталына заңсыз кірген, деп хабарлайды BILD.
Осыған байланысты Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз жағдайды «жол беруге болмайтын әрекет» деп бағалап, OpenAI басшысы Сэм Альтманға қатты алаңдайтынын жеткізді.
Премьер-министрдің наразылығын әсіресе OpenAI компаниясының Австралия билігіне бұл жағдай туралы дер кезінде хабарламағаны тудырды. Оқиға маусым айында болғанымен, үкімет оның мән-жайын тек қыркүйекте білген. Жасанды интеллект медициналық сақтандыру жүйесіндегі ашық әрі жабық файлдарға қол жеткізген.
Албаниздің айтуынша, жеке деректерге қол сұғылмаған және ешкім зардап шекпеген.
OpenAI жасанды интеллект бағдарламасын денсаулық сақтау саласына қатысты статистиканы іздеуге пайдаланған. Австралия премьер-министрінің орынбасары Ричард Марлздың айтуынша, жасанды интеллект үкіметтің бірнеше сайтында кәдімгі қолданушы секілді әрекет еткен. Алайда Medicare порталынан қажетті ақпаратты ашық дереккөздерден таба алмаған соң, жасанды интеллект басқа тәсілді қолданған.
— Жасанды интеллект бұғаттауды айналып өтудің жолын тапқан. Ол «жоқ» деген жауапқа тоқтаған, — деді Албаниз.
Әзірге жасанды интеллектінің қанша дерекке қол жеткізгені анықталып жатыр.
ЖИ-дің үкіметтің басқа сайттарына да заңсыз кірген-кірмегені белгісіз. OpenAI ішкі тексеру барысында Австралияның бірнеше мемлекеттік сайтында жасанды интеллектінің белсенділігін анықтаған. Ол бұл ресурстардан үкіметтік статистиканы іздеген.
— Алайда біздің модельдер біз рұқсат беруді жоспарламаған әрекеттерді орындаған, — деді OpenAI өкілі.
Бұған дейін Anthropic басшысы жасанды интеллектінің басты қауіптерін атаған болатын.