Австралияның 6 бірдей штатының премьер-министрі ІІІ Чарльз патшамен кездесуден бас тартты

ЛОНДОН. KAZINFORM - Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс, Виктория, Квинсленд, Батыс Австралия, Оңтүстік Австралия және Тасмания штаттарының 6 премьер-министрі осы елге ат басын бұрған Чарльз патша және Камилла патшайыммен өтетін кездесуге қатыспайды.

Чарльз патша
Фото: royal.uk

Бұл жаңалық Австралиялық монархистердің наразылығын тудырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Австралия монархистер лигасының қызметкері Бев Макартур: «Республикалықтар бас киімдерін шешкен соң патша жұбымен сәлемдесіп, Австралияға келгеніңіз үшін рахмет деп айтса болады ғой», - деп өзінің ренішін жеткізді.

Букингем сарайы бұл жағдайға қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Дейтұрғанымен іс-шарада Австралия штаттарының атынан олардың губернаторлары қатысады. Сонымен қатар патшаны Австралияның премьер-министрі Энтони Албанезе ресми түрде қабылдайды.

Бұл дау Австралияның монархия ретіндегі болашағы туралы пікірталастарды қайта жандандырды. Кейбіреулер бұл республикалықтардың патшаны жақтырмайтындығының тағы бір дәлелі ретінде қабылдады. Бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі Австралиядағы монархияның өзектілігі тақырыбын қайта қаузай бастады.

Патшаның сапары Ұлыбритания мен Австралия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған, бірақ штат премьер-министрлерінің болмауы екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіргені рас.

Соңғы жаңалықтар