Австрия WhatsApp-ты бақылауға арналған заң жобасын дайындап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Заң жобасы ықтимал лаңкестік шабуылдардың алдын алу үшін хабар алмасу қолданбаларын бақылауға мүмкіндік береді, деп жазды Анадолы.

Австрия WhatsApp және Telegram сияқты хабар алмасу қолданбаларын бақылайтын заңжобасын әзірледі.
Елде жылдар бойы талқыланып келе жатқан қосымшаларды бақылауға қатысты құжат парламенттік шағын комитетке жіберілді.
Австрия Ішкі істер министрі Герхард Карнер министрлер кеңесі мүшелері мен үш тараптың лауазымды тұлғалары қатысқан екі күндік үкімет отырысында қауіпсіздік және экономика сынды мәселелердің талқыланған бірінші күнінде қабылданған шешімдер туралы баспасөзге ақпарат берді.
Министр ықтимал лаңкестік шабуылдың немесе нысанға жасалған шабуылдың алдын алу үшін хабар алмасу қолданбаларын бақылауға мүмкіндік беретін бірінші заң жобасының парламенттік ішкі комитетке ұсынылғанына қанағаттанғанын айтты.
Ішкі істер министрлігінің басшысы терроризмге, ұлттық қауіп-қатерлерге және тыңшылыққа байланысты жағдайларда бақылау судьяның рұқсатымен және жеке деректерді қорғауға жауапты лауазымды тұлғаның қадағалауымен жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл жағдай қарапайым азаматтарға әсер етпейді, деп түсіндірді ол.
— Мониторинг жаппай сипатқа ие болмайды және жеке жағдайларда ғана қолданылады, олардың саны жылына 25-30-дан аспайды, — деп сендірді Карнер.
Заң жобасын парламенттік кіші комитет шамамен сегіз апта бойы қарайды алайда құжат тек жаз айларында жүзеге асуы мүмкін, деп қосты ол.
Австрия билігі, әсіресе күштік құрылымдар хабар алмасу қосымшаларына бақылауды енгізуге көптен ұмтылды. Алайда әртүрлі азаматтық қоғам ұйымдары бұл ұсынысқа жеке деректер мен азаматтардың бостандығын қорғауды шектейді деген уәжбен қарсылық білдірді.
Еске сала кетейік, жақында Австрия Мажарстан және Словакиямен шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерін жапты.