Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Маңғыстауға келді
АҚТАУ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Урсула Фахрингер жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. Ол облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге Комсомол кен орынындағы өндірістік кешеннің ашылу рәсіміне қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 2002 жылы австриялық «OMV» компаниясына қарасты «Ком-Мұнай» ЖШС-і Комсомол кен орнынан мұнай өндіруге шарт жасасқан болатын. Кен орны Бозашы түбегінің солтүстік бөлігіндегі Өлі қолтық сорының маңайында орналасқан. Комсомол кен орнының геологиялық қоры 13,249 млн тонна. Сапар барысында Австрия елі мен Маңғыстау облысы арасындағы перспективалық бағыттағы қатынастарды дамыта түсу жайы сөз болды.Жаңа кен орнының ашылу салтанатына «OMV» компаниясының барлау және өндіру департаментінің жетекшісі Х.Лангангер, «Петром Қазақстан» компаниясының бас директоры А. Баумгарнер, «Ком-Мұнай» ЖШС бас директоры Г. Бауэр қатысты.