Автокөлік тонаумен айналысып келген Алматы облысының екі тұрғыны құрықталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бозбалалар кезекті бір қылмысты қаңтардың 10-ы күні жайма базадың жанында жасаған. «Фольксваген Пассат» көлігінің құлпын бұзып, ішіндегі магнитоласын жымқырып кеткен. Көлік иесі тоналғанын байқай салысымен, полицейге хабарласады. Бiрнеше минуттан кейін оқиға болған орында «Боран» шолғыншы экипажы қызметкерлерi жұмысқа кіріседі. Жедел iздестiру шаралары нәтижесінде полицейлер екi күдiктiні ұстайды. Полиция автокөлігін көре салысымен қылмыскерлер бой тасалауға асығады, дегенімен ұзаққа бара алмаған.
Күдіктілерді куәгерлер көзінше тексеру барысында полиция қызметкерлері ұсталғандардан 3 автомагнитола тапты. Оның біреуі оқиға орнында болған "Фольксваген Пассат" автокөлігінің жүргізушісі бірден өзінікі екенін айтты. Тергеу барысында күдікті азаматтар сол күні таңертең тағы екі көліктің ішіне түскендерін мойындады. Олар сол күні "Фольксваген" және "Нива" машиналарының есігін сындырып автомагнитолаларын алып кеткен. 26 жастағы ұрының айтуынша: олар Алматы қаласына автокөлік тонап күнелтуге келген. Ұсталған екеуі де бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Қазір құқық қорғаушылар күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар- жоғын анықтап жатыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.