Автокөлік жолдарын талапқа сай қылмайынша, ішкі туризмді өркендету қиын
АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбек/ - Ұлы Жiбек жолы бойында, Шығыс пен Батысты байланыстырып жатқан Еуразияның дәл жүрегінен орын тепкен қазақ даласы ескі заманның жәдігерлеріне, көз сүйіндірер көркем табиғатқа, аспан астындағы ашық мұражайларға толып тұр.
Бір сөзбен айтсақ, Азиядағы айтулы туризм орталығына айналуға толық мүмкіндігіміз бар. Алайда сөмкесін арқалап жаһанды кезіп жүретін туристердің назарын әлі толық аудара алмай отырмыз.
Мамандардың айтуынша, елімізде этникалық, экологиялық, танымдық, шипажай-сауықтыру, тіптен аңшылық секілді сан түрлі туризм түрлерін ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз бар екен. Сұлу Көкше өңірі, Қарқаралы, Ақсу, Шарын шатқалы, Алатау мен Алтынемел табиғи қорықтарының өзі көз сүріндірер көрікті жерлер. Амал не «бір тамса да бикеме тамсын» дегенді білмей ме, жоқ шамның түбі қараңғы болып көрмей ме, әйтеур қазақстандық туристердің өзі шет елдерге жүгіруге құмар.
Туризмнің дамуы соңғы кезде кез-келген елдің экономикасының табыс табу көзіне айналуына байланысты оның дамуына әр мемлекет өзінше жағдай жасап, тиісінше маңыз береді. Дүниежүзі бойынша туризмнен түсетін табыс жылына 500 млрд. долларды құрайды екен. Бірінші орынды АҚШ алады, одан соң Батыс Еуропа елдері кіреді (Испания, Франция, Италия). Ал 2000 жылы Дүниежүзілік туристік ұйым (ДТҰ) 698 млн. туристердің халықаралық саяхат жасауын тіркеді. Туризмнің маңызы тек экономикаға тікелей әсер етуімен шектелмейді. Әр мемлекет өз елінде туризм индустриясын дамытуға ұмтылатын себебі: біріншіден, халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолының бірден-бірі осы туризм саласы; екіншіден, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда, бейбітшілікті нығайтуда маңызды рол ойнайды. Қазіргі кезде туризм ғаламдық сипат алды. Туристік лектер материалдық байлықпен бірге, еңбек ресурстарының, ақпараттың өзара алмасуын жақсарта түседі. Сол себепті де қысқа мерзімде туризм саласы әлемдік кеңістікті жаулап алды. ДТҰ болжамы бойынша 21 ғасыр туризм ғасыры болмақ.
Осындай туризмның алтын ғасырында біз туризм саласы бойынша 71- орындамыз. Бұл тәуелсіздігімізге ұзақ болмаған біз үшін төмен көрсеткіш емес. Алайда ұлан байтақ жерімізбен, бай да құнды мұраларымызбен, ғажайып табиғатымызбен салыстырғанда өте төмен орын. Ендеше біз қалай өз деңгейімізді жоғарылата аламыз?
Қытай халқында «байимын десең жол сал» - деген нақыл сөз бар. Меніңше, осы сөздің бір жағы туризм саласын меңзеп айтылғандай. Саяхат бүгінде заман ағымына ілесіп, автомобильмен,теміржолмен, теңіз және өзен, әуе көлігімен жүзеге асады. Ат-көлік, арба да әлі қызметтен қалып жатқан жоқ. Әлбетте, мұның бәрі қай елге саяхат құратындығыңа байланысты. Туризм индустриясына айрықша мән беріп, қазынасына түсетін қаражаттың қомақты бөлігін осы саладан күтетін елдер теміржол көлігінен бастап, шағын ұшақтары мен тікұшақтарына дейін сырттан келетін саяхатшыға қызмет қылуға жұмылдырған, даңғыл жолдар салып, бар жағдайын жасаған. Ал бізде ше? Жоғары дәрежелі қатынас жолдарын ауызға алуымыздың қажеті жоқ, тасымалдың негізгі де маңызды міндетін атқарып тұрған автокөлік жолдарымыздың сұрқы бәрімізге белгілі. Бұл шетелдік туристердің емес, өзіміздің қарапайым халықтың да көңілінен де шықпай отыр. Жолы дұрыс елдің, жөні дұрыс. Көптеген туризм түрлерін ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз бар болып отырған бүгінгі күнде, тас жолымыздың тасырқап тұруы, аталмыш саланың етегінен тартып тұрғандай.
Әдетте табиғи-рекреациялық нысандар мен Тарихи-археологиялық ескерткiштердiң туристiк-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Еліміздегі табиғи-рекреациялық нысандар Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жерiндегi Батыс Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетiсу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстiрт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңiрi, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандар жатады. Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта да ғылыми-экологиялық туризмдi дамытудың алғы шарттары қалыптасқан. Археолегиялық ескерткiштердiң кез-келген нысандары туристiк-экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның iшiнде Жетiсудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Батыс Қазақстандағы Сарайшық, т.б. көне қалалардың орны туристердiң қай - қайсын да қызықтырмай қоймайды.
Елімізде тәуеп ету (дiни) туризм нысандары да көптеп кездеседi. Оларға түркi әлемiндегi қасиеттi Түркiстан қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Иасауи кесенесi, Гауһар-ана зираты, Әли-Қожа бейiтi, т.б. жатады. Адамдар бұл қасиеттi жерлерге тәуеп етiп, Аллаға сиыну үшiн келедi.
Жалпы жоғарыдағы айтылған туризм нысандарының басым көпшілігі облыс орталықтарына қашықта, қала-аудандардан алыс, шалғай аймақтарда орналасқан. Негізгі қалалармен асфальт жолдар арқылы, ал кей жерлерде кәдімгі қара жолмен ғана байланысады. Бүгінгі бәсекеге толы қайшыласқан қан базарда, өзін бір сәт тынымсыз тіршіліктен оңаша қалдырып, демалуға шыққан адам үшін, немесе жер әлемді шарлап жүрген саяхатшы үшін де жайлы жол, ұтымды уақыт аса маңызды. Бізде туристердің денесін ырғап отырып, демалтып жеткізетін теңіз жолдары тұрған жоқ. Барлық туризм нысандарына жақындатып тастайтын әуе жолдары да жеткіліксіз. Ал темір жолдар арқылы саяхат жасау туристер үшін кездеспейтін де шығар. Әрине туристердің көпшілігі жекелік және қоғамдық көілктермен (жеңіл автокөліктер мен автобустар) саяхаттайды. Яғни тас жолдар арқылы. Ал бүгінгі біздің мың рет жамасаң да мың жері тесіліп жататын тас жолдар туристердің көңілінен шыға ала ма? Барам деген жеріне, ыршып - шоршып жүріп, шаршап- шалдығып әзер жетсе ғажайып көрікті мекеннен де мән кеткендей болатын шығар. Сағатына бірнеше жүз шақырым жылдамдықпен жүретін жоғары қарқынды тас жолдарда жүріп үйренген шетелдіктер біздің жолда бір күн жүрсе қайтып келместей болып кетпесіне кім кепіл. Жол салу теқ қана туристер үшін ғана емес, еліміздің дамуы үшін, халқымыздың тұрмыс тіршілігі үшін маңызды. Біздің ағзамызға - тұла бойымызға қорек жеткізетін қан тамырларымыз қандай болса, жол да бейне мемлекеттің, қаланың қан тамырлары іспетті. Қан тамырларында ақаулар пайда болып, түйнектер көбейсе, ағзаға қажетті қорек те діттеген жеріне толық жетпейді емес пе? Ендеше, қан айналысы кедергісіз болса, адамның денесі қуатты болатыны секілді, жолдарымыз да даңғыл, кедергі-кесепатсыз, қауіпсіз болса, ол тек туризмді ғана өркендетіп қоймай, бүтін елдің де экономикалық қуатын арттырар еді.