Автокөлік өндіретін кәсіпорындар цифрландырылып жатыр — Ерсайын Нағаспаев
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлік өндірісі саласын цифрландыру барысы жөнінде мәлімдеді.
— Қазір елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл өндірістерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды, — деді ол.
Министрдің сөзінше, интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, сын-қатерлерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақытылы жоюға мүмкіндік береді.
— Сонымен қатар дәнекерлеу жұмыстарының сапасын автоматты түрде бақылауға арналған талдау жүйелері қолданылады. Өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде модельдеу және оңтайландыру үшін digital twins пайдаланылады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Чехия ортақ автокөлік өндірісін қалай дамытып жатқанын жазғанбыз.