Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елде әлемдік көлік брендтерінің өндірісі ұлғаяды: Үкімет жаңа жобаларды жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда Министрлер кабинетінің мүшелері машина жасау саласын дамыту барысын талқыға салды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев аталған сектордағы табыстар мен түйткілдер туралы айтып берді.

машина жасау
Фото: ortcom.kz

Оның сөзінше, қазір автокөлік өнеркәсібі — отандық машина жасау саласындағы стратегиялық бағыттардың бірі. Аталған сектор әлемнің дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сәйкес кезең-кезеңімен өркендеп келеді. Мәселен, Кореяда бұл саланы қалыптастыруға шамамен 30 жыл қажет болды. Ал Қазақстанда 2010-2019 жылдары отандық автокөлік өндірісінің негізі қаланды. Осы кезеңде нарыққа әлемдік жетекші брендтер келіп, құрастыру өндірісі іске қосылды. Соның нәтижесінде автомобиль өндірісінің көлемі 3 мыңнан 50 мыңға дейін өсті. Министрдің сөзіне жүгінсек, 2020 жылдан бастап сала дамудың жаңа кезеңіне өтті.

Ерсайын Нағаспаев
Фото: Үкімет

— Дәнекерлеу, бояу процестерін қамтитын күрделі құрастыру өндірісі енгізіле бастады. Соның нәтижесінде өндіріс әлеуеті артып, жыл қорытындысы бойынша 171 400 автокөлік шығарылды. Өткен жылдан бастап автомобиль өнеркәсібінің дамуының жаңа кезеңі басталды, — деді министр.

Алайда мамандардың бұған тоқмейілсіп, тоқтап қалатын ойы жоқ. Ендігі негізгі міндет — дайын автокөлік шығарумен қатар, оның құрамдас бөліктерін өз елімізде өндіруді дамыту. Осы бағытта локализация деңгейін арттыру, автокомпоненттердің отандық өндірісін жолға қою және қазақстандық жеткізушілердің өндірістік экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жаңа нарықтарды игеру, инженерлік әлеуетті арттыру және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге басымдық берілмек. Одан бөлек, өткен жылы салада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan
Фото: «Астана Моторс»

— Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 миллиард теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты 2 ірі зауыт ашылды. Зауыттар заманауи технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған. Бүгінде мұнда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді, — деді министр. 

Оның сөзінше, саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Автосалон автомобиль
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автокөлік жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк көліктерді шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау станциялары желісін дамыту көзделіп отыр, — деді Ерсайын Нағаспаев. 

Автокөлік өндіретін кәсіпорындар цифрландырылып жатыр

Қазір елімізде жеңіл автокөліктер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл өндіріс орындарына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектіге негізделген ахуалдық орталық іске қосылды.

Өнеркәсіптегі жасанды интеллект: БҚО-да цифрландыру мүмкіндіктері таныстырылды
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, сын-қатерлерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақытылы жоюға мүмкіндік береді.

— Сонымен қатар, дәнекерлеу жұмыстарының сапасын автоматты түрде бақылауға арналған талдау жүйелері қолданылады. Өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде модельдеу және оңтайландыру үшін digital twins пайдаланылады, — деді министр.

Автокөлік бөлшектері елімізде өндіріледі

Үкімет отырысында автокөлік бөлшектерін елімізде өндіру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Отандық өндіріс орындары қазірдің өзінде бірқатар бөлшекті шығарады.

Автобөлшектер
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Локализация деңгейін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі — автокомпоненттер өндірісін дамыту. Бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар және мультимедиялық жүйелер шығаруды игерді. Одан бөлек, бамперлер, электр сымдары, дөңгелек дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылып жатыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.

автобөлшек
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Министрдің айтуынша, осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді.

— Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Аталған кластерлер аясында автокөлік өндірумен қатар, олар үшін қажетті компоненттер өндірісін дамыту, жаңа жеткізушілерді тартып, өндірістік тізбектерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Елімізде электрлі жүк көліктері шығарылады

Қазақстанда жүк көліктерін өндіру бойынша да нақты жоспарлар бар. Жүк техникасы өндірісі саласында бүгінде елімізде Scania және HOWO сияқты әлемдік брендтердің жүк көліктері шығарылады. Сонымен қатар, саланы одан әрі дамыту бағытында жаңа жобалар да іске асырылып жатыр.

Машина жасау, металл өңдеу және су индустриясы технологияларына арналған көрме өтті
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Атап айтқанда, биыл IV тоқсаннан бастап Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 VOLVO жүк көлігін шығару жоспарланып отыр, — деді сала министрі.

Сондай-ақ, Barys Truck Manufactory компаниясы XCMG-мен бірлесіп электр жүк көліктері жобасын жүзеге асырып жатыр.

Автокөлік өндірісі саласында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді

Автокөлік өндірісі ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосумен қатар, мыңдаған азаматты жұмыс қамтиды. Бүгінде бұл секторда 10 мыңнан астам адам қызмет етеді. Көздеген міндеттер биік болғандықтан, келешекте бұдан әлдеқайда көп маман керек болуы ықтимал. Сондықтан кадрлық резерв қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

сборка авто, машиностроение, автомобилестроение
Фото: Дарья Аверченко / Kazinform

— Саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеуеті мен білікті кадрларға тікелей байланысты. Осы мақсатта кәсіпорындар инженерлік құзыреттерді дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға жүйелі түрде инвестиция салып жатыр. Бұл жұмыс жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, дуалды оқыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып келеді, — деді Ерсайын Нағаспаев. 

көлік құрастыру
Фото: Үкімет

Министрдің сөзінше, сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау тетіктері де қарастырылған.

— Өңірлерге мамандарды тарту үшін еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдау көрсету аясында, корпоративтік кампустар мен жатақханалар салынып, жұмысшы мамандықтарына «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ, кәсіпорындар қызметкерлерге арналған медициналық сақтандыру, тамақтандыру, көлікпен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтпек, — деді ол. 

Биыл елімізде 190 мың автокөлік шығарылады

Жалпы алғанда, елімізде автокөлік өндірісі қарқынды дамып келе жатыр. Соңғы 5 жылда салаға 457 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Өткен жылы 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр.

Автосалон автомобиль Лада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Осы жылдың 6 айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару. Жалпы биыл автомобиль шығару саласы 131,1%-ға өсті, — деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Автокөлік өндірісі саласында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі өркендету және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында министрлік негізгі бағыттарды айқындады. Олар:

· Локализация деңгейін одан әрі арттыру. Ол үшін негізгі басымдық — жаңа автокомпоненттер өндірісін игеруге және отандық кәсіпорындарды әлемнің жетекші автокөлік компанияларының өндіріс тізбектеріне енгізу жоспарланып отыр.

· Халық үшін автокөліктің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту көзделген.

· Электр және гибридті көлік құралдары өндірісін дамыту, сондай-ақ оларды пайдалануға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл зарядтау станциялар желісін кеңейтуді, пилотсыз көлік технологияларын қолдану үшін қажетті жағдайлар жасауды қамтиды.

· Автокөліктерді импорттау кезінде заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз ету. Бұл отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі ашық бәсекелестік жағдайларын қалыптастыруға, сондай-ақ заңсыз схемаларды болдырмауға мүмкіндік береді.

· Меншікті зертханалық базаны құру. Бұл автокөлік пен автокомпоненттердің техникалық талаптарға сәйкестігін ел ішінде растауға, жаңа өнімдерді нарыққа жедел шығаруға және отандық өндірістің дамуына ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін 1 қыркүйекте автокөлікті заңсыз әкелуге қарсы жаңа шаралар күшіне енетінін жазғанбыз.

Ал Өскеменде Орталық Азиядағы алғашқы автокөлік сертификаттау орталығы ашылатыны белгілі болды.