Автокөліктер мен жүк тасымалдау кезінде алаяқтық көбейді: нені білу керек

АСТАНА.KAZINFORM - Соңғы уақытта логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен түрлі жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық фактілері кездесіп жатыр, - деп жазды Polisia.kz.

в
Фото: ІІМ

Қаскөйлер «Della» және «Fa-Fa.kz» сияқты сервистерді пайдаланады. Көбінесе автокөліктер мен жүктерді Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу туралы хабарландырулар орналастырылады. Хабарландыру жарияланғаннан кейін алаяқтар тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp мессенджері арқылы байланысады.

Тапсырыс берушілерге өздерін тасымалдауды ұйымдастырушы немесе жүргізуші ретінде таныстырса, жүргізушілерге өздерін жүк иесі ретінде көрсетеді. Екі тараптың да сеніміне кіргеннен кейін тасымалдау шарттары жөнінде келісім жасайды. Алматы қаласынан шыққаннан кейін алаяқтар ұрланған автокөлік немесе жүкті басқа көлікке ауыстырып тиеп, оны өз қалауларынша пайдаланады.

Мысалы, 7 маусымда Алматы қаласының тұрғыны полицияға өзінің қымбат автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданған. Екі күн бұрын белгісіз тұлғалар алдау арқылы оның көлігін иемденіп, 60 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Уақытылы жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті тауып, заңды иесіне қайтарды. Қылмыс жасады деген күдікпен үш адам ұсталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен басқа да ықтимал сыбайластары анықталады.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында ІІМ азаматтарға қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:

- жүргізушінің жеке куәлігін және көлік құжаттарын мұқият тексеру;

- тасымалдаушының телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыру;

- жүру бағыты мен жеткізудің соңғы нүктесін алдын ала жеке талқылау;

- интернеттен тасымалдаушы мен жүргізуші туралы пікірлерді зерделеу.

Құжаттарда сәйкессіздіктер байқалса, күмән туғызатын басқа да жағдайлар анықталса, тасымалдаушының қызметінен бас тартып, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау немесе жақын жердегі криминалдық полиция бөліміне жүгіну ұсынылады.

Уақытылы қырағылық таныту және полицияға жүгіну қылмыстың алдын алып, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға көмектеседі.

Айта кетейік, Қостанай тұрғыны 30 млн теңгеге алаяқтық жасағаны үшін сотталды.